БИОМЕТРИЯЛЫҚ ТЕРМИНАЛ ОРНАТЫЛДЫ

Бүгінгі таңда кез келген салаға түрлі жаңа технологияны енгізу қарқын алып келеді. Цифрландырудың арқасында бүгінде әрбір мемлекеттік органның өз дерекқоры бар. Өткен жұмада Сәтбаев қаласы пробация қызметіне биометриялық электронды терминал орнатылып, қолданысқа берілді.

Бұл пробация органдарында есепте тұрған адамның тек бір саусағының ізін сканерлеу арқылы қажетті ақпаратты оқуға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, сотталғандарды пробация қызметінде жүйелі тіркеу кезінде қағаз толтырудан арылтудың бірден бір жолы. Аталмыш пилоттық жоба қала прокуратурасы қалалық пробация қызметімен бірлесіп, қалалық әкімдік және Меценаттар клубының қолдауымен дүниеге келді. Қалалық Меценаттар клубының төрағасы Меруерт Мұқарқызы бұл бастама 30 игі іс аясында қолға алынғанын айтуда. Пробация қызметінде бүгінгі таңда 150 азамат есепте тұр. Мамандар бұл жүйе жұмыс процесін айтарлықтай жылдамдататынын айтады. Бүгінгідей карантиндік шектеу кезінде терминалдың пайдасы ұшан-теңіз. Себебі, есепте тұрған азаматтар көп шоғырланбай, кез келген уақытта келіп терминалға саусақ іздерін қалдырып, келіп кеткендігі жайлы ақпарат қалдырып кетеді. Айта кетейік, аталмыш биометриялық кішкентай құрылғы Полиция бөлімінің фронт-офисінде орнатылған.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.