Жауынгерлердің жігерін жаныды

Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай!
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай,

– деп, шашасына шаң жұқтырмаған, қолына қара домбырасын ұстай қалса көмейінен түйдек-түйдек жыр ағылған, суырыпсалма ақындықтың хас шебері, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жырау, қазақ поэзияның дүлдүлі Жамбыл туралы айта бастасақ, бірден осы бір шумақтар ойға оралады. Бұдан Жамбыл жырының, суырыпсалма ақындық өнерінің бастауы тым тереңде жатқанын байқауға болады. Жамбыл жырларына сәл шегініп, шолу жасар болсақ, онда халықтың ауыр тұрмысына, ел тағдырына алаңдаушылық, адамдар арасындағы теңсіздікті, ақ пен қараны, озбырлық пен опасыздықты аяусыз шенеу, адамгершілік пен адалдықты, ерлік пен елдік мәселесін биік ту еткенін көреміз. Сондай рухты туындыларының бірден-бір бірегейі «Ленинградтық өренім» өлеңі. Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында бұл туралы айтып өткен жөн болар.

1941 жылы неміс басқыншыларының қоршауында қалған Ленинград қаласының халқы мен жауынгерлердің рухын көтерген, халықтың бойында өмірге деген үміт сенімін оятқан атақты туынды «Ленинградтық өренім» өлеңінің шығу тарихын біреу білсе, біреу біле бермейді. Осы толғау халықтың рухын көтергені сонша, «төбелерінен қарша бораған оққа қарамастан, адамдар Жамбылдың өлеңі басылған газеттің кезегіне тұрды», деп жазған екен сол жылы ленинградтық ақын Александр Прокофьев. Көздерінен жасы сорғалаған халық плакатқа жазылып, үйлердің қабырғасына жапсырылған Жамбылдың өлеңін оқу үшін үймелесе жүгірген. Сөйтіп, Ленинградқа аяғы тимеген, шалғайда жатқан қарт ақын рухты өлеңімен халықты жігерлендіріп, өте ауыр халде қалған мыңдаған жанды өмір үшін күресте Жеңіске жеткізді. Сұрапыл соғыс жылдарында ақын осы өлеңімен жауынгерлердің жігерін жаныды. Міне, осыдан-ақ Жамбыл жырларындағы сөздің құдіретін, ұлылығын ақынның шығармашылығын оқыған кез келген оқырман мойындары сөзсіз деп айтуға әбден болады. Адалдық пен парасаттылықтың, әділдік пен ізгіліктің иірімдерін шығармаларына арқау еткен Жамбыл ақынның рухани мұралары Президентіміздің 2021 жылы 5 қаңтарда жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен, тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» болу жолындағы асыл мұраттарымен үндестік тапқанын аңғаруға болады. Жамбыл туындылары дүниежүзінің елуге тарта халқының тіліне аударылып, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылғандығы ұлтымыз үшін ауыз толтырып айтар зор мақтаныш, үлкен мәртебе.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демей ме дана халқымыз. Ендеше, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында өткен тарихымызға көз жүгіртіп, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани байлығымызды насихаттау әрбір қазақстандықтың Отан алдындағы міндеті, әрі мұны ел игілігі үшін жасаған игі істердің бірі деп айтуға болады. Олай болса, парасат пен философиялық ұлттық құндылықтарға толы Жамбыл шығармашылығы қазақтың ауыз әдебиетінің қоржынында жарқыраған жақұттай болып, мәңгі ұрпақтан ұрпаққа жететін ұлы мұра болып қала бермек.

Р.Макажанова,
№1мектеп-гимназияның мұғалімі.

Комментарии закрыты.