Татулыққа үндеді

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай №31 «Балапан» балабақшасында «Бірлік – ұлы ұғым!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Музыка залы тақырыпқа сай безендіріліп, балақайлар арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесіне арналған «Достық» биі биленді. Одан әрі балдырғандар арасында «Кім жылдам?» атты эстафеталық жарыс өтті. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін деген ниетте әннен шашу шашылды.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді халқымыз. Бұл сөз тегін айтылмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді деген тілекке тәрбиешілер қауымы да қосылды. Мерекеге арналған өлең жолдарын оқыған балалар сый-сияпатқа ие болды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.