«30 КҮНДЕ – 30 БАСПАНА»

Осындай ұранмен «Харекет» қайырымдылық қоры Сәтбаев қаласы бойынша 16-шы пәтердің кілтін табыстады.

Бұл жолы баспаналы болу бақыты бірінші топ мүгедегі Ақбөкен Серікке бұйырды. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында жас қызға орталық көшенің бірінен 2 бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Ақбөкен арбаға таңылса да қарап отырмайтын адам. Осы уақытқа дейін бірнеше жұмысты қатар алып жүр. Қайырымдылық қорының белсенді еріктісі. Қасиетті Рамазан айында «Харекет» қайырымдылық қорының себепші болуымен пәтер кілтіне ие болған Ақбөкен өз кезегінде барша жомарт жандарға риясыз көңілмен алғысын білдірді.

– Арманымның жүзеге асуына үлес қосқан барша жомарт жандарға алғысым шексіз. Бірінші Алланың, содан кейін сіздердің арқаларыңызда баспаналы болдым. Көптен күткен арманым орындалды, – дейді ол.

«Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылы Гүлмира Мұқанқызының бастамасымен құрылған. Қор жұмысы «1000 теңгеге – баспана!» ұранымен бастау алып, мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап келеді. Бүгінде республика бойынша 446 отбасын баспанамен қамтамасыз еткен. Ал, Жезқазған өңірінде 16 отбасы үйлі болып отырғанын айта кетейік. Қор өкілдері тарапынан бұл бағыттағы игі шаралар жалғаса бермек. Сондықтан, барлық қала тұрғындарын қор қоржынына 1000 теңге салып, тағы да мұқтаждардың баспаналы болуына көмек қолын созуға шақыруда. Қасиетті Рамазан айында сауапты іске бірге атсалысайық.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.