Қара өлеңнің алыбы

Биыл жүз жыл өмір сүріп, жүз жыл жыр­лаған, ұрпағына мәңгілік мұра қалдырған Жамбыл атамыздың туғанына 175 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орталық кітапханада «100 жыл жырлаған жүрек» атты шара ұйымдастырылды.

Жамбыл атамыз Жамбыл облысы, Шу өзенінің бойында Жамбыл тауының бөктерінде, боранды ақпан айында дүниеге келген екен. Заманында «ХХ ғасырдың Гомері», жыр дүлдүлі, ғасыр ақыны, жыр алыбы атанды. Қара өлеңнің алыбы, даланың дархан данасы Жамбыл ата туралы өзінің үміт күткен ұрпақтары сыр шертіп, өлеңдерін дауыстап оқыды. Кітапханашы Қожан Әлия 13-14 жасынан бастап сөзінің көбін өлеңмен айтқан ақынның XIX ғасыр шегінде шығарған өлең-жырлары мен айтыстары жайлы ақпарат беріп, екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау жайлы бейнеролик көрсетті. Ерлікті, елдікті дәріптеген, халықтың жоғын жоқтап, әлсіздерді күштілердің зорлығынан арашалаған, әділдікті, бостандықты жыр еткен Жамбыл Жабаевтың шығармаларына челлендж ұйымдастырылып, кітапхана оқыр­мандары мен мектеп оқушылары көркем де қуатты поэзиядан шашу шашты. Ұлы тұлғаға арналып «Жыр алыбы – Жамбыл» атты кітап инсталляциясы құрылып, шолу жасалды.

А.Сарина,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.