Ерлік өшпейді

Тарихыңды білмей, кемел келешекке сену мүмкін емес. Осы қағиданы ұстанған қаламыздың білім беру ошақтарында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған арнайы залдар ашылуда. Күні кеше №14 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында «Өшпес ерлік» залы салтанатты жағдайда ашылды.

Алғашқы сөзді алған мектеп директоры Гүлнара Бекішева бұл залдың былтырғы жылы жоспарланғандығын, алайда індеттің әсерінен кейінге шегерілгендігін жеткізді. «Ондағы мақсатымыз – болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, аталарымыздың, ағаларымыздың ерлігін насихаттау», – деді. Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, ардагерлер алқасының төрағасы Сабыр Омаров, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ербол Өткелбаев салтанатты лента қию рәсімін жүзеге асырды. Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндеріне орай ұйымдастырылған игі шара одан әрі экскурсиямен жалғасты. Зал Ауған соғысы және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған екі бөлімнен тұрады. Жерлестеріміз Александр Комаров пен Олег Морозовқа арналған бұрыштар бар. Шараға қатысушылар жауынгерлер рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және қақтығыстарына қатысушылар» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жезқазған аймағы бойынша өкілдері, мемлекеттік архив қызметкерлері маңызды мерекеге қатысты орамды ойларын ортаға салды. Республикалық қоғамдық бірлестіктің Жезқазған аймағы бойынша төрағасы Қайсар Бимұратов және Сәтбаев қаласы бойынша төрағасы Самир Мамедов мектеп басшылығы мен бірнеше мұғалімді Алғыс хатпен және «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен марапаттады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.