Майдангерге миллион теңге

Ұлы Отан соғысының ардагеріне миллион теңге біржолғы сыйақы берілмек. Бұл туралы Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері мәлімдеді.

– Сәтбаев қаласында Ұлы Отан соғысының 1 ардагері бар. Қарт майдангерге Жеңіске қосқан үлесі үшін 1 миллион теңге көлемінде бір реттік сыйақы беріледі. Сонымен қоса, жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға да бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков.

Бөлім басшысы берген мәлімет бойынша, қалада соғыс жылдарында фашистік концлагерьде болған 1 адам бар екен. Мереке қарсаңында оған 20 мың теңге жәрдемақы берілмек. Мұндай көмектен соғыс жауынгерлерінің жесірлері де қалыс қалмақ емес. Қалада мұндай 11 адам бар екен. Оларға 50 мың теңгеден беру көзделуде. Сондай-ақ, 356 тыл ардагерлеріне де 50 мың теңгеден бір реттік қаржылай жәрдем берілетін болады.

– Мерекеге орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ауған соғысының жауынгерлері мен Чернобыль атом-электр станциясы апатының зардабын жоюға қатысқан жауынгерлерге де осындай қаржылық көмек көрсетілетін болады. Ондай ардагерлер қаламызда 145. Олардың әрқайсы 20 мың теңгеден бір сәттік жәрдемақы алатын болады, – дейді бөлім басшысы.

Жалпы, Ұлы Жеңістің 76 жылдық мерекесіне орай қаламыздағы 525 адамға бір реттік қаржылай көмек беру үшін жергілікті бюджеттің есебінен 23320,0 мың теңге қаралып отыр. «Мұның сыртында қолы ашық, жомарт жандар мен қалталы демеушілер де соғыс және тыл ардагерлеріне азық-түлік жиынтығы салынған мерекелік сыйқалталар таратуға ниет білдіріп отыр», дейді Бауыржан Әпеков әңгіме барысында.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.