Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері! Құрметті сәтбаевтықтар!

Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында ең жылы, шынайы және шын жүректен шыққан құттықтауымызды қабыл алыңыздар!

Жеңіс туы желбірегеннен бері 76 жыл өтті. Бірақ миллиондаған адамдардың ұлы ерлігінің символына айналған бұл оқиға ешқашан тарих беттерінен өшпейді. Қазіргі ұрпақ осы жарқын мерекені асыға күтеміз. Соғыстың сұрапыл жылдарын «бұрын» және «кейін» деп бөлген, «Жеңіс» сөзін тұмарына балаған ардагерлеріміз де ерекше толқу үстінде болады.

Жеңіс күні – ерлік пен даңқтың, батырлық пен батылдықтың, майдандағы және тылдағы әскери ерліктің, Отан үшін жанын қиған жеңімпаздардың күні. Кейінгі ұрпақ батыр бабаларының есімін ұлықтап, қастерлеген, ерлігін ту ғып көтерген мереке.

Тоқтаусыз алға жылжыған уақыт көшімен бірге қанды соғыстың қасіретті жылдары арамыздан алыстап бара жатыр. Бірақ ерліктің өшпейтіні, көнермейтіні анық. Осы мереке күні біз көзімізге жас ала отырып, азапқа төтеп беріп, шыдамдылықпен жеңіске жеткен, мойымас қажыр-қайратқа ие ардагерлерімізге шын жүректен алғыс айтамыз. Әскери еңбек, жеңіске деген жігер мен ұмтылыс үшін сіздерге мың тағзым. Сіздердің жанқиярлық ерліктеріңіз ұрпаққа үлгі. Сіздер риясыз сүйіспеншілікпен Отанға аянбай қызмет етудің үлгісісіздер.

Құрметті жерлестер! Жеңіс күні құтты болсын! Бақыт, денсаулық, отбастарыңызға амандық тілейміз. Бейбітшілік туы желбірей берсін!

Сәтбаев қаласының әкімі А.ЫДЫРЫСОВ.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Т.ХМИЛЯРЧУК.

Комментарии закрыты.