ДАЛА ӨРТІНІҢ АЛДЫН АЛАЙЫҚ

Дала өрттері көп жағдайларда адамдардың абайсыздығынан пайда болады. Табиғат аясына шыққан азаматтардың жаққан оттарын өшірмей кетуі, көлік жүргізушілерінің жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылы, ашық алаңқайда қоқысты немесе құрғақ шөптерді жағу сияқты салғырттықтар дала өртіне әкеп соғады.

Мамандардың дерегіне зер салар болсақ, дала өртінің 90 пайызға жуығы азаматтардың немқұрайлығынан, 7-8 пайызы найзағайдың әсерінен, 2-3 пайызы өзге факторларға байланысты (шыны жарықшасымен күн сәулесінің шағылысуынан) болады екен.

Дала өртінің қауіпті кезеңдері жаз мезгілінің ортасы мен соңы. Себебі, құрғақ өсімдіктер мен шөптер бір ұшқыннан тез тұтанып, қарқынды жанады. Сол себепті табиғатқа шыққан азаматтардың далалы аймақта өте сақ болуы және өрт қауіпсіздік шараларына өте мұқият болуы қажет. Ол үшін: далалы аймақта отқа арналған орынды құрғақ шөптен, қоқыстан мұқият тазалап, отты тақыр жерлерде, қамыстан, төніп тұрған құрғақ ағаштан қашық жерде жағу қажет. Жаққан отты қараусыз қалдырмау, кетер алдында отты толық сөндіру керек. Абайсызда от тұтана қалған жағдайда оны тез арада сөндіру қажет. Ол үшін суды, құмды, сулы матаны пайдаланған жөн.

Есіңізде сақтаңыз!

Өрт қауіпсіздік ережесін сақтау –әр азаматтың міндеті.

Өртті сөндіргеннен алдын алған оңай.

М Қарақойшы,
Сәтбаев қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты.

Комментарии закрыты.