Қалам мен қаруды қатар ұстаған

Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен Қасым Аманжоловтың шығармашылығын, оның ішінде әндерін көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатында «Өмірі өлеңмен өрілген» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті.

Ұлтымыздың біртуар ұлағатты ұлы, қазақ поэзиясының өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, маңдайына біткен дара тұлғасы «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп жырлады. Орыс халқының әйгілі туындыларының бірі «Ах, Самара городок» әнін Қасым Аманжолов «Ах, Самара жас қала» деп ана тілімізге тәржімаланғаны белгілі. Әдеби-сазды кештің шымылдығы осы әнмен ашылды. Қасым Аманжолов артына мол әдеби мұра қалдырған батыр ақын. Біраз өлеңі соғыс жылдарындағы сұрапыл майдан жайлы болса, кей өлеңдері лирикаға толы. Ақынның таусылмайтын тағылымға толы ғұмырына арналған кеште әдебиет майталмандары, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кенжебай Ахметов, ғалым, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Жансая Жарылғапов, әдебиеттанушы ғалым, сыншы, профессор, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, «Қасым» республикалық журналының бас редакторы Серік Сағынтай ақын туындыларындағы ерекше құбылыстар жайлы құнды пікір білдірді.

Ақынның әндері де ғажап әлем. Әуезді ән кешінде Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншілері «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Жас дәурен», «Айтшы, жаным», «Қайдасың, махаббаттың періштесі» әндерін шырқады. №7 мектеп оқушысы Аслан Маг­зумов «Баспана» өлеңін оқыды.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде.

Ақынның сапары үзілмес сапар. Өйткені, бүкіл қазақ ардақ тұтқан мұрасын бүгінгі ұрпағы ұмытпайды. Артына талай аңыз қалдырған Қасым Аманжоловтың батыр мінезі мен батыл ойлары да халық жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз.

Аманжол – Рахымжанның
Қасымымын,
Мен қалған бір атаның
ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын.
Біреуге аспандағы асылымын…

М.Балтина,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.

Комментарии закрыты.