Өшпес ерлік, өлшеусіз даңқ

Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес «Еңсесі биік Ұлы Жеңіс!» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Іс-шара үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы жеңіс жырларынан басталды. «Мәңгілік полк» бейнеролигі соғыс ардагерлерінің бейнесі халық жадында мәңгілік сақталатынын дәлелдеді. Кеш барысында Руслан Исмаилов «День Победы», Нұрахмет Қаршығанов қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға жасалған тағзымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әнін, Ардақ Мукушев қан майданда қаһармандық көрсеткен Төлеген Тоқтаровқа арналған Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін шырқаса, Роберт Халявкиннің орындауындағы қаралы күндер реквиеміне айналған «Журавли», Құрмет Базаровтың «От героев былых времен», «Қыздар-ай» триосының «Соғыстан қайтқан солдаттар», гитарашылар тобының «Синий платочек» әні көрермен жүрегіне жол тартты.
45-тің көктеміне аман жеткендердің қатары күн санап кеміп келеді. Ерлікті еркін ұрпаққа насихаттаған арда ақсақалдарымыздан қаламызда біреуі ғана қалды. Тоғай Дауылбаев жайлы бейнеролик көрермен көңілінен шықты. С.Сейфуллин гимназиясының оқушылары Ілес Бекзат, Святослав Горголюк, Таисия Ульянованың оқыған өлең жолдарынан нағыз патриот ұрпақтың өсіп келе жатқаны байқалды.

Жеңіс күні – өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының мерекесі. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.