Ардагерлер ардақталды

Майдан шебінде жүрген ерлерге көмек көрсету үшін тылда еңбек еткен қыз-келіншектер мен бозбалалардың тартқан азабы, Жеңісті жақындатуға қосқан үлестері аз емес. Сол бір сұрапыл жылдарда тартқан қиыншылыққа мойымай бар қажыр-қайратын, күш-жігерін жұмсаған азаматтар қашан да құрметке лайық. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қаламыздағы бірқатар тыл ардагері ардақталды.

Қаламыздың мемлекеттік қызметкерлері, меценаттар клубы мен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы олардың шаңырағына арнайы барып, бір реттік азық-түлік қоржындарын үлестірді. «Ардагерлерді ардақтайық», «30 игі іс» акциясы шеңберінде ұйымдастырылған игі шарада 12 тыл ардагеріне лайықты қамқорлық жасалды. «Бейбіт өмір сыйлаған ата-әжелеріміздің еңбегі ешқашан елеусіз қалмауы тиіс. Ардагерлерге мың алғыс!», – деген ұйымдастырушылар ақ сақалды аталарымыз бен аналарымыздың ақ батасына ие болды. Айтулы мереке аясында бұл игі шараны тәртіп сақшылары жалғастырды. Еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты қариялардың қауіпсіздігін ескерген құқық қорғаушылар бірнеше тыл ардагерінің шаңырағына бас сұқты. Олар қазыналы қарттарымызға жеміс-жидек қоржындары мен гүл шоқтарын сыйға тартты.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.