ҚАДІР ТҮНІ – ТАҒДЫР ТҮНІ

Мұсылман қауымы Ораза айының соңғы күндері шеңберінде 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні Қадір түнін қарсы алды. Сауабы сансыз Қадір түнінде Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешітке арнайы барып, барша жамағатты мың айдан да қайырлы қасиетті Қадір түнімен құттықтады.

– Өздеріңіз білесіздер, аты жаман індеттің басталғанына 1 жылдан асты. Әлі күнге дейін той жасап, қонаққа баруға рұқсат жоқ. Жыл сайын қала тұрғындарының басын біріктіріп ауызашар беретін едік. Биыл карантиндік шектеулерге байланысты бұл игі бастамамыз жүзеге аспады. Дегенмен, ауызашар қоржындарын мекен-жайлар бойынша үлестірдік. Жалпы, рамазан айында қайырымдылық шаралары артты. Әкімшілік қызметкерлері бір күндік жалақысын аударып аз қамтылған 30 отбасы мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 50 балаға азық-түлікке толы қоржындар таратты. Бұдан бөлек, «Халық» қайырымдылық қоры, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Шұбаркөл-Премиум» АҚ біздің өңірге 7 тонна болатын азық-түлік өнімдерін жеткізіп, 118 отбасыға үлестірді. Ардагерлер назардан тыс қалып жатқан жоқ. Меценаттар клубының қолдауымен көмек көрсетілді. Осындай жомарт жандарға қала басшысы ретінде алғысымды білдіргім келеді. Қадір түні құтты болсын! – деді ол.

Шаһар басшымен бірге барған меценаттар клубының мүшелері мешіт қызметкерлеріне «30 игі іс» акциясы шеңберінде сый-сияпат жасады

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.