Олқылықтардың орны толса…

Сәтбаев қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қала тазалығына және абаттандыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мәселесі қаралды.

Отырысқа мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, әкім орынбасары Батыр Әбдрахаев, мемлекеттік мекемелердің жауапты мамандары мен кәсіпорын басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов баяндама жасады. Берілген ақпаратқа сәйкес ағымдағы жылы санитарлық жұмыстарға 26 051 мың теңге бөлінген. Сәтбаев қаласының аумағы, саябақтар және аялдамаларда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жинау (вывоз несанкционированного мусора) бойынша «Дэлфи» ЖШС-мен ағымдағы жылдың 26 наурызында келісім-шарт жасалған. Көшелердегі шамдарды жарықтандырумен «МиК» ЖШС айналысуда. Аталған жұмыстар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жіті бақылауында. Бюджет қаражатының да тиімді жұмсалып жатқандығын бөлім басшысы атап айтты. 2021 жылы алаңдардағы конструкцияларға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы мақсатта мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатыр. Аталмыш мәселе бойынша «Сәт Тазалық» ЖШС директоры Асқар Қошанов өз ұсынысын ортаға салса, мәслихат депутаттары қала тазалығына қатысты біршама кемшіліктерге тоқталып, олқылықтардың орны толса деген пікір білдірді. Отырыс соңында жауапты кәсіпорындарға шаһар тазалығына қатысты қажетті жұмыстардың уақытылы әрі сапалы жүргізілуі тапсырылды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.