Қан майданда қаһармандық танытқан

Сұм соғыстың салдары әр қазақтың отбасын айналып өткен жоқ. 1 млн 366 мыңға жуық қазақстандық майданға аттанды. Ешбір дерексіз жоғалып, есімі еске алынбай кеткендер бар. Солардың бірі әжемнің ағасы Сағат Аяпбергенов. Жезқазған қаласында 1917 жылы қарапайым отбасында дүние есігін ашқан Сағат атамыз қан майданға 25 жасында 1942 жылы аттанды. Отбасын құрып үлгермеген екен. Ол кісі туралы деректер кейіннен архивтерден Аякбергенов Сагай деп табылды. Атамыз соғыстан оралмады. Із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Ол кісі жайында мәлімет аз.

Ол Украинаның Сокол аймағында болған қақтығыстарға қатысып, ерлік көрсеткен. 1944 жылдың шілде айының 18-де Сокол аймағындағы Батыс Буг өзенінде болған шайқаста 5 неміс солдатын жер құштырып, топ құрамында екі немісті арбаларымен тұтқындады. Келесі күні, яғни 19 шілдеде жасырын түрде өзен бойымен паромға қарай жылжып келе жатқан үлкен жау тобын тауып, бақылау барысындағы деректерді полк штабына хабарлайды. Бұл уақытылы тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, 300 адамнан тұратын жау шоғырын жеңуде үлкен пайдасын тигізді. Жараланған атамыз қатардағы қызметін жалғастыра берді және екінші қайтара жарақат алғаннан кейін ғана госпитальға жеткізілді. Қан майданда қаһармандық танытқан Сағат атамыз Богдан Хмельницкий атындағы Қызыл Ту орденді 8-ші гвардиялық полкінің барлаушысы болды. Қалай қаза тапқаны туралы деректер бүгінгі күнге дейін табылмай отыр. Ол Қызыл Ту орденінің иегері. Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылған екен. Алып үлгермеген. Бәлкім жау қолынан қаза тапқан шығар, бәлкім денсаулығы сыр беріп дүние салды ма. Бізге бұл жағы беймәлім. Дегенмен, ақпараттардың аз да болса бары қуантады.

Нарқыз Айтбаева,
Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы.

Комментарии закрыты.