Қарт майдангер қуанышқа бөленді

Ұлы Отан соғысына Сәтбаев қаласынан 200-ден астам азамат аттанып, Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Елге оралған майдангерлер тылды тыңайтуға бел шеше кірісті. Бүгінде қаламызда 1 ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды.

Тоғай атамыз тоқсанның сегізіне келсе де өзін тың сезінеді. Санасы сергек, ойы ұшқыр. Қазыналы қарт 2 қыз, 1 ұлдан 13 немере, 35 шөбере мен 4 шөпшек сүйіп отыр. Жеңіс күніне орай жылдағы дәстүр бойынша қала басшылығы қарт жауынгерге құрмет көрсетіп, жүздесіп қайтты. Қала әкімі Асқар Ыдырысов және қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук батырдың шаңырағына арнайы барып, 1 млн теңге табыс етті. Ақсақалға өңіріміздің суретшісі салған өз портреті де сыйға тартылды. Жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ербол Өткелбаев, «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және қақтығыстарына қатысушылар» республикалық қоғамдық бірлестігінің Сәтбаев қаласы бойынша өкілдері және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесі Сәтбаев қалалық филиалының қызметкерлері де осы шараға белсене қатысты.

Естеріңізге салсақ, Тоғай Дауылбаев І-ші Украина майданындағы 29 полкте жауынгерлік міндетін атқарып, Оңтүстік-Батыс бағытындағы майданда соғысты. 1943 жылы маусым айында жарақат алып, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды. Соғыстан кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысты. 1950 жылы Қарқаралы институтын бітіріп, 32 жыл мал дәрігері болып еңбек етті. «Ерлігі үшін», Совет Одағының маршалы Г.Жуковтың, «Украинаны неміс басқыншыларынан азат еткені үшін» медальдарының иегері. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.