ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ ТАМЫРШЫСЫ

Сүтемген Бүкіровті бұл өлкеде білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Жезқазған – Ұлытау – Қарсақбай өңірінде Сүтемген атаның таяғының ұшы, табанының ізі түспеген жер жоқ деуге болады. Музейде Сүтемген атаның қалдырған мұралары жетерлік. Ел тарихы, жер тарихы десе ішкен асын жерге қоятын Сүтемген Әбубәкірұлы туған өлкесінің тірі шежіресі еді. Киелі де қасиетті Ұлытау өңірінің екі ғасырлық тарихын кішкентай көкірегіне сыйдырған алып қойма еді. Сүтемген Бүкіров өз халқының нағыз патриоты, адал ұлы болды. Оның бүкіл санал ғұмыры көмескіленген тарихымызды, көзден кетсе де көңілден өшпеген көне мағлұматтарды іздеумен сүрлеу-соқпақтарды шиырлау үстінде өтті.

Биыл ұзақ жылдар туған өлке тарихын зерттеп, артына баға жетпес өшпес мұра қалдырған Ұлытау-Жезқазған аймағына белгілі өлкетанушы, қаламгер, музей ісінің негізін қалаушы, археограф, этнограф, «Музей ата» атанған зерттеуші, кемелді ғұмыры замандастарына ғибрат, ұрпаққа ұлағат болған Сүтемген Әбубәкірұлы Бүкіровтің туғанына 100 жыл толып отыр. Қолыма қалам алып, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің негізін қалаған Сүтемген Бүкіров туралы мақаланы жазарда музей қорында сақталған атамыздың құнды құжаттарын, сарғайған хаттары мен фотосуреттерін, газет мақалаларын ақтарып отырып, тірнектеп жинаған мол дүниесінің куәсі болдым.

Музей – ел шежіресі, тарихымыз, бүгініміз бен ертеңіміз. Музейде тарих тереңінен сыр шертетін ұлан-ғайыр ұлағат, ұялап жатқан мол қазыналарды тамашалай отырып көзге көрініп, қолға ұсталмайтын, санамен ғана сезінуге болатын толағай тербелістер құдіреті адамды баурап алады. Музей жәдігерлерін сөйлетіп, үнсіз тарих куәгерлерлеріне жан бітіретін, әрине музей мамандары. «Музейде кезейсоқ келген адам жұмыс істемейді, музейде өзінің ісіне өте бейілді берілген жандар ғана тер төгеді» деген бір қанатты сөз бар. Музейде күні бүгінге дейін үш жүзден астам адам еңбек еткен екен. Олардың әрқайсысының да мұнда өздеріне лайықты қолтаңбасы бар екенін әрқашан мақтанышпен айтамыз. Бұл ретте көзінің тірісінің өзінде-ақ «Музей ата» атанып, елге ерекше танылған Сүтемген Бүкіров аты бірінші болып тілге оралады. Сүтемген Әбубәкірұлы 1921 жылы мамырдың 8-і күні қазіргі Кеңгір су қоймасының жағалауында орналасқан Бекболат елінің қонысы – Наушабай ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбубәкір Тақабайұлы және анасы Рахия Назарқызы 13 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Сүтемген Бүкіровтің әкесінің азан шақырып қойған аты Бүкір емес, Әбубәкір. Ал, Бүкір атанып кетуіне жеңгелері себепкер болған екен.

«Біз – Найманның Бағаналы тармағынан шығамыз. Әрі қарай талдасам: Сары – Бекболат – Байтоқа – Шойқара – Қабылан – Тақабай – Әбубәкір болып өрбиді. Әбубәкірден Барақбай, Нұрмағанбет, Сүтемген туады. Мен Нұрмағанбеттің баласымын» – деп інісі Төлеген Нұрмағанбетұлы шежіресін тарқатады.

Бала күнінен үлкендер ортасына үйір, ойлы, зерделі Сүтемген Әбубәкірұлы мектепте жақсы оқыған, сондай-ақ өлке тарихына, шежіреге, өлең-жыр­ларға құмар болып өседі. Сүтемген Бүкіров жастайынан бірге өскен досы, марқұм Шермұханбет Байбосынов «Сүтемген бала жасынан өлкетанушы болды. Ол ауылдағы үлкендерге қолғабыс жасай жүріп, олардың тағылымды әңгімелерін тыңдауды ұнататын. Шіліңгір шілдеде шөп шабуға барғанда да біз сияқты балалар қолы қалт ете калса ұйықтайтынбыз, ол үлкендерді төңіректеп, ана жер неге олай аталған, мына жердің қырқасы неге бұлай аталады деп сұрап, соны санасына сіңіріп отыратын. Аймақтағы белгілі адамдар жайлы да жалықпай тыңдап, сұрап отырушы еді.Кейін Сүтемген Бүкіров Ұлытау­-Жезқазған өңірінің арғы-бергі тарихын қамтитын өлкетану мұражайын құрды. Оған мол жәдігерлер жинақтады. Бала кезінде естігендерін қағазға түсіріп, кітап етіп бастырды. Соның бәрі оның бала күнінен қанына біткен қасиетінің арқасы» – деп жазыпты естелігінде. Қазақ даласындағы өнеркәсібіміздің алғашқы қарлығаштарының бірі болып саналатын Жезқазған өңірінде туып өскен С. Бүкіров еңбекке жастайынан араласты. Кірпіш және темір-бетон конструкциялары зауыттарында жұмысшы болып істей жүріп, бос уақытын түрлі хабар, мақала, суреттемелер жазуға арнайды. Кәмелеттік аттестат алысымен, өзі оқыған мектепте аға пионер жетекшісі болып алғаш еңбек жолын бастайды. Бір жылдан кейін Қарсақбай аудандық «Қызыл кенші» газетінің редакторы Әбілқасен Әміралин редакцияға қызметке шақырады. Бұл жылдар Сүтемген Әбубәкірұлы үшін оқу, шыңдалу және есею жылдары болды. Сүтемген Әбубәкірұлының өлке тарихына деген қызығушылығы 1935 жылдың маусымында Наушабайда алғаш рет академик Қаныш Сәтбаевпен кездесуінен кейін арта түседі. С.Бүкіров өзінің тұңғыш мақаласын 1937 жылы мектепте оқып жүргенде жазыпты. Тырнақалды туындысы «Қызыл кенші» газетінде жарық көріпті. Осы сәттен бастап бала Сүтемгеннің жақсылықтың жаршысы болсам деген ізгі мақсат оның өмірінің арманына айналып, талабына нұр жауғанға ұқсайды. Сүтемген Бүкіровтің шығармашылығы жайында «Алғашқы мақалалары жас шағында жан тебірентерлік әсерімен жазылса, кейінгілері оның қоғам өміріндегі өзінің орнын түсінгендігін көрсетіп, оның болып жатқан өзгерістерге байланысты азаматтық әуенін танытады» – деп «Жезқазған туы» газетінің журналисі Айтбай Рамазанов баға береді.

70-ші жылдары баспасөз беттерінде, радиода және көгілдір экранда Бүкіров жүргізген «Біздің өлкенің тарихи ескерткіштері», «Жерлестеріміздің атымен», «Архивті ақтарғанда», «Олар қала орнатты», «Қаныш Сәтбаевпен қызметтес болғандар», және басқа да айдарлары мен циклдары оқырмандар мен көрермендері көзайымына айналғаны мәлім. Өзінің очерктері мен мақалаларында ол Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихын, кенді өлкенің шежіресін, жер қойнауының байлығын игеру жолында еңбек еткен тұлғалар туралы баяндайды. Бір топ мақалалары Қазақстан түсті металлургиясының қара шаңырағы – Қарсақбайда еңбек еткен С.Шәріпов, Ж.Құлажанов, Б.Алтыаяқов, Ж.Ахметов сынды танымал тұлғаларға арналған. Сүтемген атаның көптеген туындылары ғұлама ғалым Қ.И. Сәтбаев жайлы жазылған. Соның 24-і ғалымның шығармалар жинағының бесінші томындағы библиографиялық анықтамаға енген. Сонымен қатар, Сүтемген Бүкіров Жезқазған өңірі мен қарашаңырақ Қарсақбай жерінің мыс кенішін игеру шежіресінің құнды беттерін қағазға түсірді. Ерен еңбектерімен танылған Ысқақ Анарқұлов, Өмірхан Байқоңыров, Оразбек Дүйсенбаев, Зейнулла Биболатов, Павел Шаталюк, Баймақан Аймаханов, Василий Штифанов, Иван Деев жайлы құнды деректерді өлкетанушының жазбаларынан кездестіруге болады.

Ол танымал талантты ақын-жазушылар Иманжан Жылқыайдаровтың, Болман Қожабаевтың, Тайжан Қалмағамбетовтің, Баубек Бұлқышевтің, Мұқан Иманжановтың, Айтбай Досжанұлының, Нұрғали Итембайұлының мол мұраларын зерттеп, тірнектеп жинап, музей қорына жинақтап кетті. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен халық батыры Аманкелді Иманов, Қаражар көтерілісі, Дүйсенбай, Бөріойнақ бойындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысқан Жаңабай Ниязбеков, Жақсыбай Құлажанов сынды сауатты, соғыс өнерінен хабары бар, қол бастаған жігіттердің ерлік істері жайлы алғаш рет очерктерін баспасөз бетіне жариялады.

«Естіген әңгімелерін, тарихи деректерді сол заматында қойын кітапшасына жазып алатын, кейіннен оны толықтырып, құжаттармен дәлелдеп отыратын. Ұлытау-Жезқазған төңірегіне іссапармен келген тарихшы, ақын-жазушылардың қасынан қай уақытта да Сүтемген көкем табылатын» – деп еске алады інісі Төлеген Бүкіров.

Аймағымыздағы талантты жайсаңдар мен жампоздарды, өндірісті, ғылымды, мәдениетті дамытуға еңбек сіңірген қайратты майталмандарды, азаттық, бостандық және Отан үшін шейіт болған боздақтарды есте қалдыру Сүтемген Бүкіров қызметінің бір саласы болды десек артық емес. Соғыс жылдарында Жезқазған кеншілері 16 рет жеңіп алған Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туы қазір музейде сақтаулы тұр. Мұның өзі ұрпақ үшін өшпес мұра, әкелер ерлігінің темірқазығы іспеттес. Жалаң сөзбен санаға жеткізуден куә дүниелер арқылы ықпал етудің күштілігін ұғынған С.Бүкіров осындай айғақты дүниені көзінің қарашығындай сақтап, ұқыптылық пен жинақылықтың бағасын бізге үлгі етіп көрсетіп бергендей. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында опат болғандарды іздестіріп, зерттеп-зерделеп, нәтижесінде «Боздақтар», «Зерде» кітаптарының жарыққа шығуына аянбай атсалысты. Көптеген атақты жерлестеріміздің атын мәңгілікке қалдыру жөнінде ұсыныс жасап, негіздеп берді. 1980-90 жылдары Жезқазған, Сәтбаев қалаларында 27 көше жерлестеріміздің атымен аталды.

Ұлы Отан соғысына қатысқандар – Даңқ ордендерінің толық кавалерлері Ж.Үншібаев пен В.Курьятовты, Севастопольді қорғауға қатысқан А.Жақсыбаевты, Брестегі ұрыста болған Ә.Тәжбеновті, партизан Қ.Әлиакпаровты жерлестеріне жергілікті баспасөз арқылы таныстырған да Сүтемген Бүкіров еді.

С.Бүкіров туған жерінің тасқа таңбаланған тарихына, ішіне бүккен шежірелі сырына мән бере отырып, тарихи-мәдени, археологиялық, архитектуралық ескерткіштерді зерттеп өлшеусіз үлесін қосты. 1990 жылы «Шоқан ізімен» атты Шоқан Уәлиханов жүріп өткен бағыттар бойынша,1976 жылы Байқоңыр өзенінің екі жарқабағында салынған тастағы таңбаларды зерттеуге, 1991 жылы Таңбалы Нұра және Арғанаты бойына экспедициялар ұйымдастырды. Осы экспедициялар барысында Қазақстан археологиясының негізін қалаушы академик, ғалым Ә.Марғұланмен ескі қорғандарды, мазарларды қазуға қатысып, ескерткіштерге сипаттама дайындап, оның төлқұжатын жасауға деректер жинады.

«Әдетте Алматыдан Жезқазғанға сапарлап шыққан Әлкей Марғұлан атамыз атбасын Сүтекеңнің үйіне, не мұражайға тірейтін» – деп жазады Сағындық Үсенұлы өз естелігінде. Әріптестікпен қоса екеуін өлке тарихына деген жанашырлық жақындастырды. Екі ұлтжанды азаматтың мүдделері ортақ, алдарына қойған мақсаттары бір болды. Қазіргі таңда осы достықтың нышаны ретінде музей қорында сақталған хаттары – музей экспозицияларынан орын алып, көрермендер қызығушылығын тудыруда.Сонымен қатар, ол қазақ халқының танымал қоғам қайраткерлерімен, ғалымдарымен және жазушыларымен хат жазысып тұрды. Сүтемген Бүкіровтің архивінен Қ.Сәтбаевтың, С.Мұқановтың, М.Қаратаевтың, Ә.Тәжібаевтың, Е.Бөкетовтің және басқалардың өте қызықты да құнды хаттарын кездестіруге болады.

Жергілікті баспадан «Жезқазғандағы тарихи-археологиялық ескерткіштер», «Жезқазған мешіттері» атты кітапшаларды шығарды. Жезқазғандағы туристік маршруттардың тұңғыш картасын жасаушылардың бірі, «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Орталық Қазақстан», «Жезқазған туы» газеттеріне зерттеулері мен көптеген ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді.

Музей қызметкерлері Сүтемген Бүкіровті «Музей ата» деп құрметпен еске түсіреді. Ол Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік музейін ұйымдастырды. Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану музейінің тұңғыш директоры болып тағайындалды. «ИЛ-18» ұшағының бортында космонавтика музейін ашты. Қарсақбай кентіндегі академик Қ.Сәтбаев музейін ашуға бастама жасады. Небәрі 2-3 жылдың ішінде комбинат музейіне 2000-нан астам жәдігер жинақталып, 12 тақырыптық экспозиция жасақталған. «Музей атасының» келешек ұрпақ үшін қалдырған мол мұрасы қазіргі таңда музей қорында сақтаулы. Ол туған өлкесінің мұраларын жинақтаушы, өлкеміздің музей негізін қалаушы, музейіміздің алғашқы директоры, қарымды қаламгер, белгілі өлкетанушы, тарихи-мәдени, архитектуралық ескерткіштерді қорғаушы, бір тілмен айтқанда «сегіз қырлы бір сырлы жан». Музей қорында 11 000-ға тарта жинақтаған құнды дүниесі және өзінің 1000-ға тарта жеке комплексі сақталған. Сүтемген Әбубәкірұлының жинаған қолжазбаларын, құнды деректерін қазіргі таңда оқушылар, студенттер, ұстаздар, ғалым-зерттеушілер, ақын-жазушылар ғылыми еңбектеріне арқау етуде.

Сүтемген Тақабайұлының замандасы, ақын, марқұм Нүрасила Бәрменбаева апамыз:

– Сол кісіге әркімдер-ақ таңданады тамсанып,
Бір тынымсыз жұмысына жүргені деп жан салып.
Елімізде ол бармаған қала менен дала жоқ,
Ол музейге экспонат жиды дейсің қаншалық, – деп тамаша бейнелеп, суреттеген екен.

70 жылдары музей шаңырағында болған ғалымдар, мәдениет қызметкерлері, қоғам қайраткерлері: Мәскеу институтының кафедра меңгерушісі Н.В.Тихонов, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары В.Часовникова, Шетелдермен бейбітшілік қатынас қоғамының төрайымы П.Шамжанова, техника ғылымдарының докторы, Е.Бөкетов, жазушы-ғалым, Қазақ Совет энциклопедиясының редакторы М.Қаратаев, СССР халық артистері Р.Бағланова, Б.Төлегенова, ақын С.Мәуленов қалдырған музей кітабындағы қолтаңбалар Сүтемген ата жүргенде мұражай ғылым мен өнердің алтын ордасына айналғандығын көрсетеді. «Ұлы тұлғалардың ізгі тілектері барша Жезқазған халқына жолданған жүрекжарды ниетіндей әсер береді. Мұның өзі тынымсыз еңбектің, тамшылаған маңдай тердің жемісі екендігі баршаға мәлім» – деп жазады өз естелігінде Ұлытау қорық-музейінің басшысы Б.Қожахметов.

Сүтемген Бүкіров өлкетанушы ғана емес, қаланың белсенді қайраткерлерінің бірі болатын. Өзінің іскерлігімен, белсенділігімен дамыл таппай Алтай асты, Алматы, Москва, Ленинград, Дондағы Ростов қалаларын аралады, ақыры құжаттар негізін қалап, құнды деректерді жинады. Олардың барлығы бүгінде ел игілігіне айналған.

Сүтемген Әбубәкірұлы өзінің негізгі қызметі мен қоса көптеген қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді. Ол – тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының облыстық бөлімшесі президиумының табиғатты қорғау қоғамы комиссиясының, соғыс және еңбек ардагерлері комитетінің мүшесі, облыстық халық сотының халық заседателі. Осы қызметтердің барлығын үлкен жауапкершілікпен атқарды.

«Орнында бар оңалар» демекші, С.Бүкіровтың інісі, техника ғылымдарының кандидаты, инженер-металлург Төлеген Бүкіровтің қолдауымен 2010 жылы «Жарқын жылдар жаңғырығы» атты өлкетанушының тарихи танымал тұлғалар туралы мақалалары мен зерттеулері енген Алматы баспасынан кітабы жарық көрді.

Өлке тарихына өлшеусіз үлес қосқан ел мақтанышы Сүтемген Әбубәкірұлының еңбегі үнемі бағаланып отырды. Еселі еңбегінің арқасында «Құрмет Белгісі» орденімен, «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атақтары берілді.6 мәрте жергілікті Кеңестің депутаты болды. Жезқазған қаласында Сүтемген Бүкіров атында көше бар.

С. Бүкiров архивте де ең iрi қор жинақтаушының бiрi болып саналады. Сүтемген Әбубәкірұлының елі үшін жасаған игілікті істерін ұрпақ жадында қалдыру, есімін ардақтау мақсатында 2003 жылдан бері сол кездегі мемлекеттік архивтің басшысы өлкетанушы, ел ағасы С. Қожамсейітовтің тікелей басшылығымен Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінде дәстүрлі «Бүкіров оқуларын» өткізу қолға алынып, күні бүгінге дейін жалғасын табуда. «Бүкіров оқулары» аясында шығармашылық кештер, дөңгелек столдар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, телехабарлар, түрлі тақырыптардағы бейнеслайдтар, кітаптардың тұсаукесерлері, фотокөрмелер, баспасөз конференциялары үлкен жауапкершілікпен өткізілуде.

Биылғы жылы ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сүтемген Бүкіровтің 100 жылдығы өлкемізде кеңінен аталып өтпек. Қазіргі таңда осы бағытта іс-шаралар жоспары құрылып, дайындық жұмыстары басталып та кетті. Музей қызметкерлері де «Музей атаның» мерейтойына өз үлестерін қосып, бірқатар ауқымды іс-шараларды атқаруды жоспарлап отыр.

Әр адамның өмірде атқаратын өзіндік миссиясы болады. Сүтемген Бүкіровтің өмірдегі миссиясы ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарды, бай мұраларды көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жинақтап жеткізу болды. Болашақта музей қызметкерлерінің басты парызы – Сүтемген атамыз салып берген сара жолмен адалдықтың туын көкке көтеріп, үлкен жауапкершілікпен, абыроймен жалғастыру.

Раушан Қапарова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы.

Комментарии закрыты.