Ұлт мұрасын ұлықтаушы

«Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, археограф, этнограф, «Музей ата» атанған өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтің туғанына 100 жыл толуы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың, саясаткерлер мен ғалымдардың басын қосты. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, дәстүрлі XVIII «Бүкіров оқулары» аясында ұйымдастырылған шараға Жезқазған каласының әкімдігі мен мемлекеттік архиві, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ұйытқы болды.

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ашылған «Ұлт мұрасын ұлықтаушы» тарихи-танымдық көрмесінің лентасын қию құрметіне ҚР Құрметті геологы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Сұлтан Сүтбаев пен С.Бүкіровтің қызы Гүлнәш Әбубәкір, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев ие болды. Журналист Әшмұхан Жампейісовтің «Музей атаға – бір ғасыр» деректі фильмі тамашаланып, орамды ойлар, есті естеліктер ортаға салынды. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген «Жезқазғаным менің», «Біздің Қаныш Имантайұлы» кітаптарының және Жезқазған қаласының «Асар» баспаханасында басылған «Сүтемген Бүкіров: ғылыми-танымдық және публицистикалық еңбектерінің биобиблиографиялық көрсеткіші» кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітаптарды кезінде Сүтемген Әбубәкірұлының өзі баспаға дайындап, бірақ, жарық көрмей қалған болатын. «Ештен кеш жақсы» деген. Марқұм Сүтемген ағамыздың кейін де болса арманының орындалуына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.

Мұнан соң жалғасын тапқан «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өңір тарихын, өткенін, болашағын зерттеп, тануда айтулы оқиға болып қалды. Жезқазған қаласының әкімі Қ.Әбсаттаров, Сәтбаев каласының әкімі А.Ыдырысов, «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ төрағасы, Сүтемген Бүкіровтің інісі Төлеген Бүкіров, қызы Гүлнаш Сүтемгенқызы шакырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Бәйменов, саясаттанушы Б.Әбдіғалиұлы, өлкетанушы С.Қожамсейітов, тарихшы Ж.Артықбаев, ҚР Президенті архивінің басшысы Ж.Әбдіқадірова, бас сарапшысы Э.Сүлейменова, ҚР қолжазба және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру орталығының бөлім басшысы К.Пәрімбекова онлайн форматта қатысты.

ҚР Ұлттық архивінің басшысы С.Нұрланова, тарих ғылымдарының докторы Ч.Дукенбаева, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Г.Өтепова, тарихшы Ө.Бекмағанбетов, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессоры Т.Алланиязов өлке тарихына қатысты ойларымен бөлісті. Конференцияға келіп түскен баяндамалар топтастырылып, арнайы жинақ ретінде шығарылмақ. Сондай-ақ, «Жас өлкетанушы» аймақтық жастар мен жасөспірімдердің ғылыми жұмыстары байқауының қорытындысын «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Бүкіров жариялап, жеңімпаздарды марапаттады.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.