«Қара тізім» мерзімі қысқарады

Коллекторлық агенттіктердің кейбір негізсіз әрекеттеріне тосқауыл қойылмақ. Сенаторлар қабылдаған заң оларға бөгде адамдардың телефон нөмірлерінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салады. Одан басқа, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесіне бейне және аудио түрінде жазба жүргізуге міндетті болады.

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Жоғарыда аталған мәселелер осы Заңда айқын атап көрсетілген.

Заңда сонымен қатар, несие тарихына қатысты да өзгеріс енгізілді. Егер бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде қабылданған түзетулерге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады. Яғни, банктер қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға 10 жыл кредит беруден бас тартатын болса, енді «қара тізім» мерзімі 5 жылға дейін қысқартылды.

Заңға енгізілген өзгерістің тағы бір жағымды жағы – банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыз­дарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады. Сондай-ақ, қарыз алушылардың кредиторларға өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.

Ізбасар Ойбас.

Комментарии закрыты.