Сауықтыру алаңдары ашылады

Оқу жылы да аяқталып қалды. Ата-аналар енді каникул уақытында балаларын қай жерге орналастыратынын таппай сарсаңға түсетіні рас. Осыған орай қалалық білім бөлімі оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, сауықтыру және олардың бос уақытын қамту бойынша арнайы жоспар жасақтады.

Балалар үшін толыққанды демалыс қала сыртындағы, табиғат аясындағы лагерьлермен байланыстырылатыны жасырын емес. Өкінішке орай, күллі әлемді қыспағына алған коронавирус инфекциясы оған мүмкіндік бермей отыр. Табиғат аясындағы лагерь тұрмақ мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарын ашудың өзі мұң болды емес пе былтыр. Десек те, биыл білім бөлімі батыл қадамға барып отыр. Үстіміздегі жылы қала мектептері жанынан оқушыларды сауықтыруға арналған 13 жазғы демалыс лагері жұмыс істейтін болады. Оларға көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары тартылмақ. Бұл үшін 14 млн. 695 мың теңге қаралып отыр. Мұның сыртында қала маңындағы лагерьлерге 100 жолдама алу үшін 6 млн. 500 мың теңге бөлу жоспарланған. Бұдан бөлек, бейіндік, дебаттық, спорттық және еңбекке баулу негіздегі алаңдар құру да жоспарда бар.

– Мектеп жанындағы сауықтыру алаңдары төменгі сынып оқушылары үшін шынайы мереке мекені болары анық. Ал, жоғары сыныптағылар үшін мұндай демалыс орындарын аша алмаймыз. Сол үшін біз мектептер жанынан еңбек тоқсанын ашуды жөн көрдік. Мұнда оқушылар экологиялық ахуалды жақсарту, көгалдандыру және көк желектерге күтім жасау жұмыстарымен айналысатын болады. Осы мақсатта 228 бригада құрып, оған 4117 баланы тартуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, спорттық және әскери-патриоттық, өлкетану лагерін жасақтау да ойда бар. Оған 1417 оқушы тартылып, 75 топ құрылатын болады, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Бөлім басшысының айтуы бойынша, әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес дарынды балалар мен білім деңгейі төмен бастауыш сынып оқушыларының білімін көтеру мақсатында «Жазғы мектеп» құрылып, жұмыс істемек. Оған 3000 дарынды балалар мен 1124 бастауыш сынып оқушыларын тарту жоспарланған.
Әрине, жазғы мезгілде тәрбиесі қиын балалар да назардан тыс қалмақ емес. Қалалық білім бөлімі берген ақпаратқа қарағанда 11 бала қалалық ювеналдық полицияның есебінде тұрса, 60 бала мектепішілік бақылауға алынған, отбасылық жағдайы ауыр 80 бала және бар. Олардың 40-ы жазғы сауықтыру лагеріне тартылған.

– Үш ай жазда барлық балаларды демалыс лагерьлеріне тарту мүмкін емес. Сондықтан, сауықтыру алаңдарынан бос оқушылар үшін мектептен тыс білім беру мекемелері түрлі үйірмелер ашып, қарсы алатын болады. Бұл бағытта өнер мектебі, оқушылар сарайы, балалар музыка мектебі мен спорт мектебі 1323 баланы қамтиды деп отырмыз. Оқушылар сарайы жанында «Балаларға жақын қала» жобасы аясында «Шуақты жаз» орталығы жұмыс жасайтын болады. Осылайша жеткіншектеріміз өздерінің жазғы демалыстарын қызықты әрі мазмұнды өткізулері үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылмақ, – дейді Берік Базылұлы.

Аманкелді Ақшал.

Комментарии закрыты.