«Дәстүрлі ән жаныма жақын», дейді әнші, ұстаз Дәрігүл Алдажанова

Қазіргі уақытта халық нағыз өнердің бағасын біліп, бағалай алатын деңгейге жеткен. Әсіресе саф өнердің, нағыз өнерпаздың өзін көріп, үнін естіген тыңдарманды алдай алмайды екенсіз. Өз көрерменін тәнті етіп, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп жүрген сондай әншілердің бірі – Дәрігүл Алдажанова.

Бекзат өнердің жанын жараламай, тап-таза күйінде халқына жеткізіп жүрген Дәрігүл кейде дәстүрлі өнердің жоқшысындай. Жарқ-жұрқ, тарс-тұрс етіп, сахна да, ән де белгісіз бағытқа көшкендей күй кешіп тұрған қазіргі кезде маған солай көрінеді. Әсіресе дәстүрлі өнердің тағдыры сынға түскен заманда Дәрігүлдің әні сол өнердің арашашысы сияқты. Біз мереке қарсаңында әнін ел сүйсіне тыңдайтын әншіге қоңырау шалып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Дәрігүл ханым, ең алдымен оқырмандар да, мен де сіздің өнер әлеміне қалай келгеніңізді білгіміз келіп отыр. Әншілік жолды таңдауыңызға әсер еткен кім еді?

– Бала кездегі қиял, арман деген жүйрік қой. Мен де арманшыл болып өстім. Жүрегімнің түкпірінде өнерге деген бір құштарлық сезім болатын. Оны ешкімге сездіре бермейтінмін. Отбасымызда әкем Темірхан Байғазыұлы өнерді қатты құрмет тұтатын кісі. Өзі домбырамен ән салады. Қолына домбырасын алып төгіп-төгіп жібергенде серпіліп, сергіп шыға келетінбіз. Жас кезінде Жезқазған қаласындағы құрылыс техникумында оқып жүргенде аңыз адам Жақсыкелді Сейіловпен бірге сахнада ән салған кісі. Ал анам Гүлдарша Рахымбекқызы Жезді аудандық мәдениет бөлімінде 30 жыл қоймашы болып еңбек еткен кісі еді. Өнерден де құр алақан емес. Менің өнерді таңдауыма ең алдымен осы кісілер себепкер болған шығар. Ән салғанды өте жақсы көріп, өнерге жақын болып өстім.

Қазір қарап отырсам, өнерге келуіме сіңілім Жазира да себепкер болғанға ұқсайды. Ұқсайды емес, турасы солай. Өйткені, аудандық музыка мектебіне мен соның орнына бардым. Бес жыл оқыдым…

– Осы жерден бастап нақтылап айтып жіберсеңіз.

– Бұл өзі қызық оқиға. Мен кішкентайымнан атам Байғазы мен әжем Ұрқияның бауырында өстім. Әкем мен анам бізден бөлек тұрды. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім. Бір күні үйге әкем мен анам келді. «Жағдай былай» деді әкем әңгіменің турасына көшіп. «Мына Жазира музыка мектебіне барамын деп жазылуын жазылып, енді бармаймын деп отыр. Ұят емес пе. Ондағылар не дейді? Мына баланың ата-анасы қандай адамдар өзі демей ме? Қысқасы, Жазираның орнына сен барасың» деді.

Ол кезде музыка мектебінің ұстаздары әр мектепті аралап, өнерге жақын, оқығысы келетін балаларды оқуға шақырып жүретін. Сондай бір үгіт кезінде сіңілім Жазира оқуға жазылып қойса керек.
Мен атама қарадым, атам әжеме қарады. Әжем жарықтық қызық кісі еді. «Е, несі бар. Менің балам мүзикеңді оқи алмайды дейсің бе? Оқиды. Ертең керемет әнші болып шыға келеді. Барады. Әйда, жаздыра бер», демесі бар ма.

Сөйтіп сіңілімнің орнына музыка мектебіне мен бардым. Сара Өмірзақованың домбыра сыныбына тіркелдім. Осы сыныпта табан аудармай бес жыл оқыдым. Сара апай Ұлытау, Жезді, Жезқазған өңірінде белді де белгілі мұғалім еді. Өнерде де өзіндік орны бар. Осындай айтулы, дара кісіден білім алған соң қалайша мен басыма қонған өнерді тұншықтыруға тиіспін?..

– Алғаш рет сахнаға шыққан кезіңіз есіңізде ме? Қысылған, қымтырылған кезіңіз болды ма?

– Сегізінші сынып оқып жүрген кезімде ең алған Жезді ауданының мәдениет үйінде «Гүлдерайым» әнімен сахнаға шықтым. Жұрт жақсы қабылдады. Рас, алғашқы кезде қобалжу болды. Дауысымда діріл барын байқадым. Бірақ, өзімді өзім тез тізгіндеп алдым. Ән біткенде ел дүркірете қол соқты. Ұзақ шапалақтады. Сахнаға қайыра шығып, елге иіліп ізет еттім. Осы сәт күні бүгінге дейін көз алдымда. Бұл 1988 жыл болатын.

Одан кейін мектеп сахнасында, облыста, ауданда, ауылдарда сахнаға шығып, ән салып, өнерімді шыңдай түстім. Аудандық, облыстық деңгейдегі әртүрлі өнер байқауларына қатысып, бағымды да сынап көрдім. Жолым жаман болған жоқ. Ең бастысы ұстазым Сара апайды ұятқа қалдырған кезім болған жоқ.

– Өнерде кімді үлгі тұтасыз?

– Менің өмірде пір тұтып, өнерін құрметтейтін, әндері жүрегіме жақын бір ағам бар. Ол – Ғалым аға Мұхамедин. Алғаш рет Ғалым ағаның әнін тыңдағанда ол кісінің өнерде шоқтығы биік жан екенін ұққандай болдым.

1990 жылы Жезқазған қаласындағы музыка училищесіне (ол кезде солай аталатын. Д.А.) оқуға түстім. Алпысбай Тұяқбаевтың домбыра сыныбында бір курс оқыдым да, екінші курста Ғалым ағаның сыныбына ауысып кеттім. Кейін оқу бітірген соң да Ғалым ағадан екі елі ажырағаным жоқ. Жезқазған қалалық Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияда Ғалым аға жетекшілік ететін «Ән көңілдің ажары» тобына келдім.

– Қазіргі әншілер тойға жиі барады. Сізге де ұсыныстар түсетін шығар?

– Иә, қазір бұл үрдіске айналып барады. Маған да көп ұсыныс түседі. Бірақ, мен жақын туыс, достарымның ғана тойларына барамын.

– Көбіне дәстүрлі әндерді орындайсыз. Бұл өзіңіздің таңдауыңыз ба?

– Иә, халықтың әнімен тербеліп өстік. Әрбір халық үшін өзінің өнері, өзінің табиғаты ерекше ғой. Менің жаныма жақыны осы дәстүрлі әндер.

Десем де, эстрадалық әндерді де, халық әндерін де бар ынта-ықыласыммен орындап жүрмін. Ел жақсы қабылдайды. Бірақ, көп әннің әуені жеңіл, менің ойымнан шықпай жатады. Ән дегеніңіздің өзі өмір. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Алдымен әннің әуеніне мән беремін. Сөзі келіңкіремей жатса, әрине, оны өзгертуге болады. Дәстүрлі әндер жаныма жақын болғандықтан, басқа әндердің де болмысы осындай болса деп ойлаймын.

– Дәрігүл ханым, әңгімемізді жетістіктеріңізбен түйіндесек.

– Олар көп қой. Қайсыбірін айтайын. Ең алғаш 1992 жылы «Ұлытау үні» фестивалі аясында өткен «Жұлдыз – 92» байқауына қатыстым. Осы өнер бәсекесінде үш өнерпаз мәреге үзеңгі қағыс­тыра жеттік. Бірінші орынды Маржан Аяғанова қанжығасына байлады. Мен екінші орынға ие болдым. Ал, үшінші орынды марқұм Байғазы Тоқтарбеков місе тұтқан еді. Мықтылармен бірге бақ сынас­қанымды кейін Байғазы өнер өрінде жүргенде барып білдім ғой.

Одан кейін де талай байқауларға қатысып, бағымды сынап жүрдім. Қазіргі жетістігім – менің шәкірттерім. Осы Сәтбаев қаласындағы өнер мектебінде домбыра сыныбында дәріс беріп, жас өрендерді өнерге баулып жүрмін. Нәтиже жаман емес. Оны шәкірттерімнің шамасын көрген өнерсүйер қауым өздері бағалай жатар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ізтай Белгібайұлы.

Сурет әншінің жеке архивінен алынды.

Комментарии закрыты.