Ұлытауға ұларын оралтқан …

Қазақта шебер һәм хас шебер деген сөз бар. Оның алғашқысы қолынан іс келетін кез-келген адамға айтылуы мүмкін, ал, екіншісі екінің біріне айтыла бермейтін, қасиеті бөлек, ұғымы өзгеше, бірегей сөз. Бұл тек көпшілікті елең еткізген айрықша сипатымен, табиғат сыйлаған дара дарынымен, өзгеше болмысымен танылған ерекше тұлғаға айтылатын сөз.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз өзіндік дүниелерімен елді елең еткізіп жүрген жас шебер, музыка жанашыры, әсіресе ұлттық музыкалық аспаптардың жоқтаушысы, қазақ айтатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт – Азамат Бақия осы «Хас шебер» деген атаққа әбден лайық. «Неге?» дейсіз ғой…

Бірінші сыр немесе алғашқы қадам

2015 жылдың 23 қарашасында Халық музыкалық аспаптар мұражайында Түркі өркениетінен бастау алып, әлем халықтарына кеңінен тараған көне үрлемелі аспаптардың бірі – мес сырнайдың тұсауы кесілді. Оны қайыра қалпына келтіруде, аспаптың қыр-сырын ашып, көптеген ізденістер арқылы аспаптың жасалу әдістерін тануда үлкен қадам жасаған, оған жан бітірген біздің жерлесіміз, Ұлытаудың ұланы – Азамат Бақия бауырымыз болды.

– Қазақтың көне ұлттық музыкалық аспаптарын жаңғырту, оның ішінде ұмыт болған аспаптарды қайыра қатарға қосу сонау сексенінші жылдардан бері қолға алынған екен. Оның басы-қасында ұлттық өнердің шынайы жанашырлары Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев аталарымыз жүріпті. Сол игілікті істі бүгінде біз жалғастырып жатырмыз. Менің қайыра жасап, жаңғыртқаным «Желбуаз» деп аталатын аспап. Ол шотландықтардың «волынкасына» қатты ұқсайды.

Негізінен, мес сырнай теріден жасалған, үрлемелі аспаптарға жатады. Оның істелуі де, қолданылуы да күрделі болғандықтан, уақыт өте келе ұмытылғанға ұқсайды. Өйткені, оны жасайтын және ол аспапта ойнайтын азаматтардың есімдері сақталмаған. Музыка зерттеушілердің айтуынша, мес сырнайға арнап жазылған шығарма да болмаған.

Әуелде оны қазақы әуенге келтіріп жасау оңайға түспеді. Сыбызғыларын табиғи қамыстан жасап көріп едік, үні дұрыс шықпады. Сынып қала берді. Өте жұқа тілінген шпон деген ағашты орап та жасадық. Онымыз да сәтсіз шықты. Табиғи үн шығармады. Ақыры бук деген ағаштан сыбызғы жасадым. Оның ысқырығын сол ағашпен бірге ойдым. Бұрын бөлек ысқырық жасайтынмын. Сірә, қателік содан болды-ау деймін. Өйткені, ысқырығы бірге ойылған сыбызғының үні керемет болды. Сөйтіп ұлттық болмысымызға тән әуен шығаратын көне, ұмыт болған аспапты қайыра өмірге әкелдік, – дейді Азамат.

Ол кезде Азамат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Халық музыка факультетінің ІІІ-курсында оқитын. Қазір ол кеншілер қаласы – Сәтбаев шаҺарында тұрады. Отбасылы болып, ата-анасының қасына келген. «Келіншегім мен кішкентайларым жат болып кетпесін. Ата-енесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көрсін деген ниетпен осында келдім», дейді өзінің отбасы, ошақ қасына оралу себебі жайлы сөз еткен Азамат. «Шын азамат екенсің. Қазақтың әр баласы сен сияқты ойлап, сен сияқты істесе ғой», дедім іштей.

Екінші сыр немесе тегіне тартқан ұл

Алматыда жүрген кезінде Азамат халқымыздың ұлттық өнері мен музыкалық аспаптарын насихаттап жүрген «Хассак» этно-фольклорлық ансамблінің белді мүшесі болды. Сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, дабыл сынды музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Музыкалық білімді Сәтбаев қаласындағы өнер мектебінде алып, кейін Жезқазғандағы музыка колледжінде жалғастырды. Ал білімін шыңдау Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өтті.

– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой атам қазақ. Өнердің жолына түскен соң оны тереңдете игеруге ден қойдым. Әйтсе де, әр нәрсе негізіне қарай ғой. Әкем Бейсенәлінің негізгі мамандығы электрик болғанымен, өнерге жақын. Домбырада, гитарада ойнап, «әу» деп қоятыны бар. Қолының да ебі бар кісі. Нағашы жағым да өнерден құралақан емес. Анам­ның анасы – Сақып әжемнің шешесі арқаға белгілі ақын Тайжан Қалмағамбетовтың туған қарындасы екен. Мүмкін, сол жағынан да бір ұшқын түскен шығар, – дейді «осынша өнер өзіңе қайдан қонған» деген сауалыма.

Айтпақшы, Азамат «Хассак» тобында жүргенде сондағы өнерпаздармен бірлесіп «Тарту» деп аталатын тырнақалды шығарма да жазған екен. Бұл күйді «Хассак» этно-фольклорлық ансамблі өздерінің төлқұжаты ретінде ұстап жүр.

– Әнебір жылдары іс-сапармен пойызда бір ақсақалмен сапарлас болдым. Қолымдағы домбырамды үстіңгі сөреге қойып жатыр едім, жолсерігім «Әншісің бе, күйшісің бе» деп сұрады. «Күйшімін», дедім қалыптасқан дағдымен. «Жөн екен. Онда кейінірек күйіңді тыңдармыз», деді.

Ел орнына жайғасып, пойыз өзінің үйреншікті итіңіне түскен кезде ақсақал:

– Ал бала, көрсет өнеріңді, – деді. Мен домбырамды алып, ел ішінде кең тараған «Ерке сылқымды» екпіндете жөнеліп еді, жолсерігім басын көтеріп алды. Тоқтай қалдым.

– Бұл сенің күйің емес қой, – деді сосын маған көзін сығырайта қарап.

– Мен сізге «менің күйім» дедім бе?!

– Сен әлгінде «күйшімін» демедің бе. Мен өзің күй шығара ма десем…

Осы күнгілер күйші мен күй орындаушының ара жігін де айыра алмайтын болған ба, – деп күңкілдеді де купеден шығып кетті.

«Мына кісі тегін адам болмады-ау», деп мен қалдым.

Осы әңгіме түрткі болды ма, кейін келіншегіммен екеуміз бірлесіп «Рухты ел» деген шығарма жаздық. Оркестрге арналған ауқымды дүние. Қазір Қазақстанның әр аймақтарында кеңінен орындалып жүр. Тіпті, Моңғолияның белгілі бір оркестрі өздерінің концерттік бағдарламаларын да «Рухты ел» деп атап, осы біздің күйімізбен шымылдығын ашты, – дейді Азамат. Бір ғажабы, мақтау деген, масаттану деген жоқ. Солай болуы керек сияқты адамдай жай отырып айта салды. Әкесі Бейсенәліні де, атасы Бақия ақсақалды да білуші едім. Көрші тұрдық. Бақаң қолдан сыбызғы жасайтын, музыкалық аспаптарда ойнайтын. Бейсенәлі де өнерлі жігіт, ағаштан да, темірден де түйін түйеді. Былайша бесаспап. Осындай ортадан шыққан Азамат та тегіне тартып туған ұл.

Үшінші сыр немесе армандар тоғысы

Әңгімеміздің басында мен Азаматты ұлттық музыкалық аспаптардың жоқтаушысы деп таныстырдым емес пе. Шын мәнінде солай. Бүгінде көзден де, көңілден де кеткен, тек атын естігеніміз болмаса көзіміз көрмеген музыкалық аспаптар қаншама?! Азамат осыларды іздеп жүріп жинады. Жоғын шығу тарихын зерделей отырып жасады, жаңғыртты. Қазір оның үйінің жанындағы жертөледе шағын шеберханасы мен музейі бар. Онда халқымыз­дың музыкалық аспаптарының мыңға жуық түрі жинақталған. Бір ғана сыбызғының бірнеше ондаған түрлері бар. Қазақтың ғана емес, тұтас Тұран еліне қатысты сыбызғылардың қатарында қытай мен кәрістің де сыбызғылары жүр. Жезден, қурайдан, ағаштан, қамыстан жасалған сыбызғылар қаз қатар тізіліп тұр. Бұлардың көбін Азамат өзі барған жерден аттай қалап алса, енді бірін хас шебердің жасаған дүниелеріне риза болған ел өздері жіберген. Әрине, тегін емес, орнына қазақтың көне музыкалық аспаптарын алған. Оны жасап, жаңғыртушы Азамат екенін айтпасақ та болады.

Музейде домбыра мен қобыздың да түр-түрі орын алған. Олардың кейбірі осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы аспаптар.

– Менің көкейімнен пойыздағы ақсақалдың әңгімесі әлі кетпейді. Шынында да, біз күйші мен күй орындаушылардың ара жігін айыра алмай жүрген сияқтымыз. Күйшілік өнер жоғалып бара жатқан сияқты. Тек күй орындаушылық қана бір қалыпқа құйылған күйі алға зулап барады. Бұрынғы күйшілік дәстүр де жолынан жаңылған. Мұны талдап айту үшін ұзақ уақыт керек. Мен тек өзімнің осы күйшілік өнерді (тарту емес, шығару А.Б.) қайыра жандандырсам деген арманымды айт­қым келеді. Мақтану үшін емес, замандастарыма, кейінгілерге ой тастау үшін. Осы мақсатта «Ортеке» деп аталатын онлайн байқау өткіздім. Оған өз елімізден ғана емес, Моңголия мен Қырғыз елінен де өнерлі өрендер қатысып, өздері шығарған күйлерін жолдады. Барлығы 26 өнерпаз қатысып, мықтылары жүлделі орындар алды. Осы байқау үшін арнайы ортекенің ағаштан мүсінін жасадым. Ол қуыршақ театрындағыдай жіпке байланып, саусақ қозғалысымен ойнап тұрады. Байқауға қатысушылар осы ортекенің жібін қолдарына байлап алып, оның ойнауына сай келетін музыкалық шығарма жазулары керек болатын. Осылайша, күй шығарушылардың жаңа толқынын қалыптастырсам ба деген арманым бар еді. Соның бір парасын орындағандай болдым, – дейді шебер.

Азаматтың арманы бір бұл ғана емес. Ол ұлар құсты да Ұлытауына оралтсам дейді. «Қазір құстың неше атасын қолға үйретіп жатыр ғой. Анау арабтар дуадақ бағуға жер сұрап отыр. Ендеше біз неге ұлар өсіруді қолға алмасқа?! Ұлар құс Қап тауында қаптап жүр. Соны әкеліп, баптасақ жерге үйренбей ме», дегенді де қынжыла отырып айтты. Сол үшін ұлардың дауысын шығаратын музыкалық аспап та жасап, оны Ұлытауға апарып аршаға байлап қойды…

… Азамат жайлы айтар әңгіме көп. Оның бәрін бүгінгі бір мақалаға сыйғыза алмасымды және сеземін. Сәтін салса алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы бір айналып соғармын.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.