Биыл халық санағы өтеді

Әр он жыл сайын өтіп тұратын жалпыұлттық халық санағы өткен жылы өтуге тиіс еді. Алайда, төтеннен келген тәжтажалдың салдарынан кейінге шегеріліп, оның сәті биыл түсіп тұр. Яғни, 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. ҚазАқпарат таратқан мәліметке қарағанда, санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» деген ұран аясында өтетін болады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санақты өткізу процесі толық автоматтандырылып, оған заманауи сандық технологиялар енгізілген. Осының нәтижесінде азаматтар сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктерін пайдалана алатын болады.

Орайы келгенде айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты өз жұмысын бастайтын болады. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Ал, дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі. Ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында өтеді.

Бұған дейінгі өткізіліп келген санақтан бір ерекшелік – интервьюерлер үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдаланатын болады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ді енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді. «Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-ні қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді», – дейді сала мамандары.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.