Абаттандыруға атсалысты

Халықаралық отбасы күніне орай қаламыздағы жас отбасылар тал егу акциясына қатысты.

“Бір тал кессең, он тал ек ” қағидасын мықтап ұстанған жастар балалардың Табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыруға тырысты. Олар белсенділік танытып, Абай көшесінің бойын жасыл желектермен көмкерді. Қоршаған ортаның жақсаруына үлес қосуды көздеген игі шараны Сәтбаев қаласының жастар ресурстық орталығы, Достық үйі мен дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы қызметкерлері бірлесе ұйымдастырды.

Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады», – деп, шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келеді. Осындай игі шараларға өз қолтаңбасын қалдыруға келген жанұялар мұндай науқандардың жиі өткізілуінің әр отбасының берік болуына жол ашатындығын жеткізді.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.