Жасыл желектер залалсыздандырылды

Қалада жасыл желекте­рді зиянкестерден арылту мақсатында залалсыз­дандыру жұмыстары биыл ерте басталды. Бұл туралы Сәтбаев қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мәлімдеді.

Зиянкестерге қарсы биологиялық әдістер қолдана отырып жасыл желектер нысандарын өңдеу, химиялық пестицидтерді төмендету және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ ағаштардың тұрақты жай-күйін жақсарту және олардың әртүрлі зиянды организмдерге төзімділігін арттыру мақсатында ерте көктемнен бастап жапырақ кеміргіш және басқа да зиянкестер мен қауіпті аурулардың қоздырғыштарына қарсы профилактикалық өңдеу жұмыстары жасалуы қажет. Бұл жұмыстар кеншілер қаласында да қолға алынып, ойдағыдай жүргізілуде.

– Залалсыздандыру жұмысы биыл 25 сәуірде басталды. Әуелі тендер өткізілді. Оны «AE company KZ» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алды. Олар белгіленген кесте бойынша залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Жалпы зиянкестер мен аурулардың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты түнгі және таңертеңгі уақытта сертификатталған биологиялық және кейбір жағдайларда қауіптілігі төмен химиялық препараттармен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Аталмыш серіктестік бұл орайда «Актара» химиялық препаратын қолдануда, – дейді ТКШ бөлімінің инспекторы Мағжан Өтеш.

Инспектордың айтуынша, залалсыздандыру жұмыстары сәуір-қыркүйек аралығында 3 кезеңде жүргізіледі. Оның бірінші кезеңі ерте көктемнен басталып, 5 мамырда аяқталды. Бұл уақытта биіктігі 5 метр 50 мың түп ағаштар мен биіктігі 1 метрге дейінгі 80 мың көшеттер залалсыздандырылған.

– Залалсыздандыру жұмыстары барлық аулалар бойынша жүргізілді. Енді шілде айында – екінші кезеңі, қыркүйек айында үшінші кезеңі жүргізілетін болады. Препараттар қоршаған ортаға қауіпсіз. Адам денсаулығына да қауіпсіз болуы үшін жұмыс адам аяғы басылған мезгілдерде жүргізілуде, – дейді Мағжан Тілеп­байұлы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.