Олжалы оралды

14-16 мамыр күндері Алматы қаласында Балуан Шолақ спорт кешенінде дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында белгілі спорт қайраткері Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогы ұйымдастырылды.

Аталған құрлықтық додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан барлығы 400-ден астам дзюдошы қатысты. Жасөспірім санатындағы дзюдошылар 16 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтап, сынға түсті. Аталған Азия кубогына Қазақстанның атынан 44 салмақ дәрежесі бойынша қатысқан спортшылар арасында жерлесіміз Нұрайлым Сәрсенбек те болған еді. Үкілеген үміт, артылған сенім нәтижесіз қалмады. 400 спортшының ішінен мықтылығын көрсетіп, финалдық кездесуде өзбек елінің спортшысы Юлдуз Хакимовамен белдескен Нұрайлым күміс жүлдегер атанды. Спортшының бапкері Архат Рахымжанұлы алдағы уақытта Азия Чемпионатына жолдама алғандарын жеткізді. Енді дайындық мамыр айының 24 жұлдызы мен 11 маусым аралығында және шілде айының ортасында екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Аталмыш оқу-жаттығу Түркістан облысында өтпек.

Нұрайлым Сәрсенбек спорт саласына 11 жасынан бастап келді. Сәтбаев қалалық олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде 2015 жылдан бері татамиде бақ сынап жүрген жерлесіміздің жеткен жетістігі аз емес. Бүгінгі таңда ол спорт шеберіне үміткер.

Айта кетейік, үш күнге созылған жарыс нәтижесінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сегіз алтын, сегіз күміс және 20 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға тұрақтаған болатын. Жастар арасында өткен бәсекеде де Қазақстан құрамасы үздік атанды. Отандық жас татами шеберлері 7 алтын, 11 күміс және 21 қола жүлдені жеңіп алды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.