Жас шахматшылар жеңісі

Шахмат – әлемдегі танымал логикалық ойындардың қатарында. Ойлау қабілетін дамытатын шахмат біздің шаһарымызда 20 жыл қатарынан кеңінен насихатталуда.

Мұхамбет Көпеевтің жүлдесіне арналған шахмат турнирі сонау 2000 жылы басталған. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүргеніне өткен жылы 20 жыл толған болатын. Алайда, төтенше жағдайға байланысты мерейлі күн аталмай қалды. Биыл игі бастама жалғасын тауып, қоғам қайраткері Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеевтің жүлдесіне арналған дәстүрлі шахмат турнирі жалауын көтерді. Онлайн турнирдің ашылуына қала басшысы қатысып, Мұхамбет Жұманазарұлына балалар мен жасөспірімдер арасында шахматты танымал етуге қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.

– Құрметті онлайн-форматтағы жиынға қатысушылар, баршаңызды шахмат турнирінің 20-шы ойынымен шын жүректен құттықтаймын. Былтыр, өздеріңізге белгілі, пандамияға байланысты турнир өткізілмеді. Биыл, міне, игі дәстүр жалғасын тауып жатыр. Осыдан 20 жыл бұрын мектепішілік, қалалық, аймақтық түрде өткен турнир биыл облыстық деңгейге жетіп, 100-ге жуық ойыншы бақ сынағалы отыр. Бүгінгі күнге дейін осы турнирге 3000-ға жуық жас спортшы қатысты. Жыл санап ойыншылар саны артпаса кеміген емес. Биылдың өзінде 560 бала шахмат үйірмесіне қатысуда. Ойыншыларымыз тек республикаға емес, шет елдерге де танылып үлгерді. Дүбірлі доданың жыл сайын өтуіне үлес қосып жүрген жерлесіміз, қоғам қайраткері Мұхамбет Жұманазарұлына үлкен алғыс білдіреміз, – деді Асқар Ыдырысов.

Осындай ақжарма тілектен кейін Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалаларының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мұхамбет Көпеев сөз кезегін алып, шахмат турнирінің шығу тарихына тоқталып өтті.

– Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетов қалаға әкім болып келген жылы маған ұсыныс жасады. Басында келісім бермедім. Кейіннен ойланып білгенімді қала жастарына неге үйретпеске деген оймен турнирдің ұйымдастырылуына білек сыбана кірістім. Алғашқы турнир 2000 жылы өтті. Нәтижесінде қызығушылық танытқан оқушылар қатары көбейе түсті. Алдымен мектепішілік іріктеу кезеңі өтті. 2004 жылдан бастап турнир алаңы кеңейіп, қалалық деңгейге, ал, 2009 жылдан бастап аймақтық дәрежеге көтерілді. Нәтижесінде Жезқазған қаласы, Ұлытау, Жаңаарқа ауданы, Жезді кентінен жас шахматшылар шыға бастады. Осылайша турнир өз ауқымдылығын жоймай, 20 жыл қатарынан өткізілді. Мақсат орындалды. Осы бағытта сүбелі үлес қосқан қала басшылығына, бапкер-жаттықтырушыларға және басқа да белсенді азаматтарға, ойыншыларға алғыс айтамын, – деді М.Көпеев.

Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімі Мұхамбет Жұманазарұлына естелік портретін табыстады. Бұдан бөлек жыл сайын турнирді өткізуге белсенді атсалысқандар Көпеев әулеті атынан естелік сыйлықтар, медальдармен марапатталды. Бұл тізімнің басында қала әкімі Асқар Ыдырысов, белгілі шахмат ойынының жаттықтырушылары Әзірбек Молдағалиев, Владимир Князюк, Татьяна Камаева сынды ардагерлер болды. Екі күн бойы облыстық деңгейде онлайн-форматта алғаш рет өткен турнирге қатысушылар шахмат тақтасында ойындар сериясын өткізді. Жеңімпаздарды ZOOM режимінде қала әкімі бірнеше номинация бойынша марапаттады. Нәтижесінде, қаламыздың жас шахматшылар командасы үшінші орынды иеленді. Команда қатарына Сұлтан Бейсенбеков, Ерасыл Джункураев, Алима Джункураева болды. Жезқазған қаласының командасы екінші орынды місе тұтса, Қарағанды командасы жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаздар Сәтбаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, Мұхамбет Көпеевтің мақтау қағазымен және арнайы медальмен марапатталды. Бас жүлде иеленген қарағандылықтарға турнир Кубогы жіберілді.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.