Алда үлкен сынақ

Биыл 11 сыныпты бітіретін 329 түлектің 249-ы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниетті. Жалпы, мектеп бітіруші түлек жылына 2 рет ақылы және 2 рет білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік ала отырып, тегін ҰБТ тапсыра алады.

Сәтбаевтық түлектер үшін де осындай мүмкіндік бар. Жезқазған қаласындағы Гуманитарлық колледждің базасында ашылған тестілеу орталығында сынақ сағаты басталған. Осы жерде біздің түлектеріміз де өздерінің бағын сынап көруде. Тестілеу орталықтарында 10 наурыз бен 10 сәуір аралығында мектеп бітірушілер жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсуге талпынып, алғашқы сынақтан өткен болатын. ІІ-кезеңі 25 сәуір мен 30 маусым аралығында өтіп бітуі керек. Мұнда түлектер білім беру гранттарын тағайындауға үміттерін үкілеп көретін болады. Бүгінгі күні мектеп бітірушілердің 75 пайызы сынақтан өтті.

– Мұның бәрі талапкердің жоғары оқу орындарына ақылы және грант арқылы түсуі үшін жасалып жатқан қадамдар. Мектепте алған білімнің деңгейі 1-10 маусым аралығында 4 пәннен тапсырылатын емтихан кезінде сараланатын болады. Онда түлектер әуелі оқыту тілі бойынша эссе түрінде жазбаша емтихан тапсырады. Одан кейін алгебра және талдау бастамаларынан жазбаша емтихан, Қазақстан тарихынан тест тапсырады. Сынақтың соңғы күнінде орыс тілінде оқитын мектептердің түлектері қазақ тілінен, қазақ тілінде оқитын мектептерді бітіретіндер орыс тілінен тест тапсырады, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Берік Базылұлының айтуынша, 9 сынып бітіретін оқушылар да осындай үлгімен үш емтихан тапсыратын болады. Ерекшелігі, барлық емтихандар жазбаша түрде. Әуелі оқыту тілі бойынша эссе түрінде, одан кейін математика (алгебрадан) жазбаша емтихан тапсырады. Соңғысы орыс тілінде оқитын мектептер үшін қазақ тілінен, қазақ тілінде оқитын мектептер үшін орыс тілінен жазбаша емтихан. Бұл сынақ 28 мамыр – 5 маусым аралығында өтеді.

– Орайы келгенде айта кетейін, сынақ тапсырылып болғаннан кейін «Алтын белгі» мен ерекше аттестат үміткерлері сарапқа түседі. Алғашқысын облыстық оқу бөлімінің комиссиясы сараласа, соңғысын біздің мамандар анықтайтын болады, – дейді білім бөлімінің басшысы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.