Ашық алаңда өтеді

Биыл қала мектептері бойынша 329 оқушы 11-сыныпты бітіргелі отыр. Олардың 21-і «Алтын белгіге», 20-сы «Ерекше аттестатқа» үміткер. Мұның сыртында 946 оқушы 9 сыныпты тәмәмдамақ…

Қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбековтың айтуынша, оқу жылы қалыптасқан дәстүр бойынша 25 мамырда аяқталып, барлық білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылады. Мұғалімдердің демалыс ұзақтығы да еш өзгеріссіз қалды. Педагогтер жазда бұрынғыдай 56 күн демалады.

Алайда, қазіргі шектеу шаралары ескеріліп, соңғы қоңырау салтанатын өткізудің бірнеше форматы ұсынылуда. Біріншіден, дәстүрлі түрде ашық таза ауада 9 және 11-сынып оқушылары мен 300-ге дейін оқушысы бар әрі осы уақытқа дейін штаттық режимде оқытып келе жатқан мектептер өткізе алады. Сонымен қатар, екі нұсқа ұсынылып отыр, яғни сынып ішінде немесе онлайн түрде өткізу қарас­тырылған. Ал, қашықтан оқытып жатқандар үшін соңғы қоңырау мерекесі онлайн режимде болады.

– Біз осының алғашқы нұсқасын, яғни, ашық алаңда өткізуді қабылдап отырмыз. Осы орайда, мектептерде барлық санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болады. Әр оқушымен, әр мектеп бітірушімен келетін ата-­ананың саны бірден аспауы керек, – дейді қалалақ білім бөлімінің басшысы.

Орайы келгенде айта кетейік, оқу жылы өз уақытында аяқталғанымен оқушылардың білім деңгейін көтеру мақсатында жазғы мектеп ұйымдастыру мәселесі де қарастырылып отыр. Ол мектеп 19 маусымға дейін жұмыс істейтін болады.

– Пандемияға байланысты білім беру саласы үлкен сынақтардан өтіп жатыр. Шектеу шаралары мен сақтық талаптарының салдарынан мектептер қашықтықтан жұмыс істеді. Мұның бәрі балалардың білім сапасына елеулі әсер етті. Кешегі дәстүрлі оқуларға қарағанда олардың қабілетін 100 пайыз қамти алмадық. Осыған орай барлық мектептерде жазғы мектеп ұйымдастыру қолға алынды. Оған оқушылар ата-аналардың келісімімен ғана баратын болады.

Жалпы, білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде жазғы мектепті ұйымдастыру мәселесі бойынша түсініктемелер берілді. Педагогтерге арналған әдіс­темелік ұсынымдар білім беру ұйымдарына жіберілді. Барлық жұмыс заң аясында, құқықтық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады, – дейді Берік Базылұлы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.