Kәсіби мемлекеттік аппараттың негізі

2015 жылы қабылданған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» алғашқы он бес қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қол жеткізуге көзделгендігі баршаға мәлім. Ал, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған қадамның бірін орындау үшін Мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеп кодексі қабылданған болатын. Әдеп кодексіне сәйкес, басшылар еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, сондай-ақ қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және қол сұғушылықтың кез-келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға міндетті.

Осыған орай, ұжымда қолайлы ахуал орнату үшін басшылар бірінші кезекте қызметшілерге қажетті жағдайларды жасаулары қажет (оргтехникамен қамтамасыз ету, қызметшілер арасында міндеттерді дұрыс бөлу, қызметшілерді жұмыстан тыс уақытта жұмысқа тартпау және т.б.). Сонымен қатар, бірінші басшылардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы және жеке қасиеттері де нағыз мемлекеттік қызметшінің деңгейінде болуы тиіс. Себебі, басшыға байланысты ұжымда қолайлы және жемісті моральдық-психологиялық ахуал орын алуы да немесе жұмыс орны жанжал алаңына айналуы да әбден мүмкін.

Бұдан бөлек, басшының бақылауында болуы тиіс дүние, ол басқа мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері немесе әрекетсіздігі болып табылады. Бұл ретте, басшылар тұрақты түрде ұжымның жағдайын бақылап, аппараттың тиімді жұмыс жасауына кері әсерін тигізетін фактілерді уақытында анықтап, оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдап отыруы тиіс.

Сонымен қатар, басшылар үнемі ашық болуы, бағынысты қызметкерлермен тікелей байланыста болуы және олардың пікірлерін, ойларын және ұсыныстарын тыңдай біліп, жұмысқа деген ынталандыру құралдарын қолдануы қажет.

Әдеп нормаларын бұзу фактілер азайып келе жатқандығына қарамастан, кейбір мемлекеттік органдар басшылары тарапынан келеңсіз жайттар орын алып жатады. Оған мемлекеттік орган басшысының әрекетіне қатысты ұжымдық арыздардың түсуі айқын дәлел. Әрине, ол ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптаспағандығы.

2021 жылы ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін анықтау үшін жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің арасында сауалнама жүргізілді. Оған қатысушылардың 86 пайызы ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал ұнайтынын, 2 пайызы ұнамайтынын және 12 пайызы әрқашан ұнамайтындығын көрсеткен. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда сәл де болса жақсарып отыр (2020 жылы 84% ұнайтынын, 3% ұнамайтынын, 3% әрқашан ұнамайтынын көрсеткен).

Осыған байланысты, ұжымдағы моральдық психологиялық ахуалды жақсарту үшін әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде бірінші басшылардың жеке жұмыс жоспарларына аталған көрсеткіш енгізіліп ол жылдың қорытындысы бойынша бағаланатын болады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдер де өздеріне жүктелген функцияларын іске асыру барысында ұжымның көңіл-күйіне басты назар аударулары қажет.

Мемлекетке қызмет етуге келген әр азамат өзіне артылған жауапкершілікті толықтай сезініп білуі қажет. Жай ғана сезініп қоймай, өзінің бар білімін, тәжірибесі мен күш-жігерін жұмсағаны абзал. Қоғам мемлекеттік қызметшілердің Отанына адал қызмет етуін және оның моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятынын ұмытпаған жөн. Осыған орай, кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал орнатуға бәріміз атсалысайық.

Бахтияр Макеев,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.

Комментарии закрыты.