Келісім мен тұрақтылық – мемлекет саясатының маңызды жұмысы

Қай мемлекеттің болмасын тұрақтануында, тәуелсіздігінің сақталуы мен дамуында саяси тұрақтылық мәселесі өзекті болып саналады. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде саяси тұрақтылық мәселесі өте өткір проблемалардың бірі болып отыр және барлық елдер толығымен әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрақтылыққа жету проблемасын шешуге тырысып бағуда.

Тұрақты және толыққанды даму үшін қоғамның барлық салаларында тұрақтылық қажет екені белгілі. Оның ішінде мемлекет дамуының басты шарты – саяси тұрақтылық. «Тұрақтылық» термині (лат. stabilis – тұрақты, орнықты) орнықты тұрақты қалыптасқан жағдайға алып келуді не сол жағдайды сақтап тұруды білдіреді. Қандай да болмасын жүйені құрылым ретінде қарауға болады, сол сияқты тұрақтылық қасиеттерінің компонентін де. Т.Парсонс айтқандай, егер жүйенің құрылымы мен процестердiң арасында қатынас болса, жүйе тұрақты не болмаса салыстырмалы теңдікте болады. Саяси жүйеге қатысты «тұрақтылық» сөзі оның өзінің құрылымын сақтай отырып, сырт­қы және iшкi өзгерiстердiң шарттарында тиiмдi қызмет ету мен дамуға мүмкiндiк беретiн қалыпты жағдайы. Тұрақты саяси құрылым теориясына сәйкес қоғамның көпшілік бөлігімен қоғамды басқарудың институттарына және биліктегі барлығына қатынастағы «қолдаудың» жоғары деңгейін көрсетедi. Көптеген саясаттанушы ғалымдар пікірі бойынша, егер саяси режимдегі институттар мемлекет азаматтарын ортақ идеяға біріктіре алса, онда тұрақтылықтың орын алу мүмкіндігі жоғары деп қарастырады. Тұрақты мемлекетке тән нәрселер а) ұлтқа тиесілі бөлінетін сезім; б) басқару түрінің үздіксіздігі; в) басқаратын элиталардың біртіндеп ретімен ауысуы; г) билік құрылымының балансын сақтау үшін тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің болуы; д) оппозицияның тиімді жұмыс жасауы үшін көппартиялық жүйенің қызмет етуі; е) орта таптың басым болуы. Ал саяси тұрақтылық дегеніміз: «Бұл сыртқы және ішкі әсерлер жағдайында өзінің құрылымын және қоғамдық өзгеріс процестерін бақылауға қабілеттілігін сақтай отырып, тиімді жұмыс істеуге және дамуға мүмкіндік беретін қоғамның бір қалыпты жағдайы». Дегенмен, саяси тұрақтылық бұл – мемлекеттің саяси жүйесінің өзгермейтін қатаң қағидаға негізделген тұрақты дамуы ретінде емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерін, дамуын қоғамдық-саяси орта да қалыптасқан тұрақтандырушы фактор ретінде қарастыру. Саяси тұрақтылықтағы басты нәрсе – бұл билік құрылымдары қызметінің айқындылығында, тиімділігінде, байқалатын саяси мәдениеттің нормалары мен құндылықтарының тұрақтылығында, мінез-құлық типтерінің үйреншіліктілігінде, саяси қатынастардың бір қалыптылығында байқалатын тәртіпті қамтамасыз ету.
Қарқынды түрде даму үстіндегі Қазақстан мемлекеті үшін де қоғамның тұрақтылығы, мемлекеттің ұйысуы, қоғамның топтасуы, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету негізгі мәселеге айналып отыр. Ата заңымыз Конституцияның I-бабында: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе парламентте дауыс беру арқылы шешу», – деп қарастырылған. Конституцияда жазылғандай, мемлекеттің басты приниптерінің бірі ретінде елдің біртұтастығы үшін, әрине, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім орнауы шарт.

А.Дастанов.

Комментарии закрыты.