МУЗЕЙ АТА

Біз найманның Бағаналы тармағынан шығамыз. Әрі қарай таратсам: Сары-Бекболат-Байтоқа-Шойқара-Қабылан-Тақабай-Әбубәкір (Бүкір) болып өрбиді. Әбубәкір атам мен Рахия әжемнен үш ұл, үш қыз туған, олар: Барақбай, Үрімжан, Рақима, Нұрмағанбет, Сүтемген, Нәшім.

Менің әкем Нұрмағанбеттің айтуы бойынша біздің бабаларымыздың (соңғы 300 жыл) негізгі қонысы кәзіргі Жезқазған қаласының нақ басы. Дәлірек айтсам, Кеңгір өзенінің күнбатыс жақ табаны. «Бекболат» ауылы атанған осы шағын ауылда менің аталарыммен бірге Андағұл, Әлімбай, Тұңғышбай, Сәмет, Балғынбай, Жақып, Байсымақ, Байсалбай, Ыбырай, Әлім, Абдірахман есімді туысқандарымыз қоныстанған. 1932 жылғы ашаршылықтан бас сауғалаған бірқатар туысқандарымыз Қазақстанның оңтүстік өңіріне қоныс аударған екен. Ел есін жиып, еңсесі көтерілген өткен ғасырдың елуінші жылдары олардың көпшілігі туған өңіріне қайта оралған. Өткен ғасырда қазақ халқы небір зұламаттарды басынан өткізгенін тарихтан білеміз. Тағдырдың салмағын сезінудей сезінген менің әкелерімнің қиынға сынбағанын мынадан көріңіздер – атам Әбубәкір ашаршылықтың құрбаны болса, үлкен ұлы Барақбай Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, менің әкем Нұрмағанбет «халық жауы» атанып, он жыл итжеккенде айдауда жүрген. Қапастан аман оралып, үйлі-баранды болған. Ол кісі 1976 жылы дүниеден өтті.
1930-1940 жылдары менің аталарым қоныстанған ауылға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жиі келіп тұрған екен. Аталарым мен әжелерімнің қойған сұрақтарына Қаныш аға: – Жезқазған даласында мыс кенінің мол қоры бар, алдағы уақытта табылатын әлі көптеген басқа да кен байлықтары көп, енді шамалы жылдары осы жерде үлкен қала болады, Қарағандыдан теміржол келеді, кенді өңдейтін үлкен фабрикалар мен завод салынады – деп айтқанда бірі сеніп енді біреулері сенбестік білдірген. Ауыл ақсақалдарының таңырқағанын байқаған Қаныш аға: – қаланы да, заводты да, теміржол мен тоғанды тағы басқа құрылыс нысандарын осы жерді қоныстанған халықтың өзі істейді. Оған үкімет басшылық етіп, қаражат бөледі. Мыс өндіретін фабрикалар мен заводта сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз жұмыс істейтін болады – дейді. Қаныш ағаның айтқандарына ауыл тұрғындары: – Айтқаның келсін айналайын, алла жар болсын – деп баталарын берген екен. Кейіннен, қала бой көтерген тұста, ол жер көлге айналатын болған соң, қаланың шығысына қоныс аударып, №1,2,3 «Бекболат» ауылы атанған жерден әкелеріміз үй тұрғызып, соған көшкен екенбіз. Сонау жылдары «Бекболат» ауылы атанған 15 шақты үйден бүгіндері көптеген ұрпақ тараған үлкен әулетке айналды.
Жезқазғанның үлкен металлургия заводы орнаған жер бұрын «Наушабай» деп аталған.
Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Орталық Қазақстанның прогноз-металлогениялық картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан тысқары, оның сарқылмас қазынасы – кен жыныстарының құрамында сирек кездесетін түсті металдардың қоры бар екеніндігін ғылыми жолмен зерделеп шыққан еді. Яғни, 21 түрлі химиялық элементі, атап айтқанда қорғасын, мырыш, алтын, күміс, молибден, сурьма, селен, теллур, рений, осмий сияқты бағалы металдарды өндірістік жолмен бөліп алу арқылы, кен өндіруден түсетін қыруар байлықты еселей түсуге болады. Осы аталғандардың ішінде, ғалым-геологтардың деректері бойынша, әлемдегі жер қойнауындағы ренийдің 30%, ал осмий – 187 изотопының 99% Жезқазған мыс кендерінің құрамында шоғырланған екен. Ендеше басқасын былай қойғанда осы екі металдың қоры бойынша әлемдегі монополист – Жезқазған.
Еліміздің сан-салалы өндіріс орындарына қажетті осы сирек металдардың химиялық таралу заңдылықтарын зерттеу, кен құрамындағы рений және осмий сияқты құпиясы мол металдардың үлесін анықтап, оларды өндіруді жолға қою бағытында көптеген ғылыми мекемелер мен институттарда ғылыми ізденістер мен зерттеу шаралары үздіксіз жүргізіліп отырды. Жезқазған кен қорында рений, осмий сияқты бағалы металдардың бар екендігін зерттеп, алғаш анықтаған Қ.И.Сәтбаевтың серіктестері, көзі қарақты ғалымдар С.К.Калинин, Т.А.Кошкина, Э.Е.Файн кендегі негізгі минералдардың көлемі ұлғайған сайын ренийдің мөлшерінің де өсіп отыратындығын ғылыми негізде дәлелдеді. Кейіннен осы мәселені зерттеу ісіне ғалымдар Е.К.Аркаев, К.Д.Жаминов, Л.Ф.Наркелюк, Е.М.Поплавка, М.Қ.Сәтбаевалар да ден қойды.
Мен 40 жылдан аса Жезқазған мыс заводында металлург болып қызмет атқардым, соның ішінде 1991-2001 жылдар аралығында сирекметалл өндірісіне басшылық жасадым. Осы кезеңдері сирекметалл цехы ғылыми- тәжрибелік алаңға айналды деуге толығымен болады. Кәсіпорында өндіріс қалдықтарынан сирек металл өнімдерінің жаңа түрлерін өндіру жолында ғылыми-зерттеу іс-шаралары одан әрі жалғасып, тоқтаусыз жүруіне Қазақстан ҰҒА академигі Е.И.Пономарева, т.ғ.д. профессор З.С.Әбишева, х.ғ.д Загородняя, т.ғ.к Л.Я.Агапова, геология институтынан т.ғ.д. Э.Е.Файн, т.ғ.к. М.И. Мадин, Қарағанды химия-металлургия институтынан т.ғ.д. Т.А. Оралов, т.ғ.к. Б.П. Хасен, т.ғ.д С.М.Исабаев т.б. көп еңбек сіңірді, жетекшілік жасады. Сирек металдарды өндіру көлемін арттыру, сапасын жақсарту туралы үлкен бағдарлама жасалып, бекітілді. Тоқтаусыз жүргізілген жұмыстарымыз өзінің нәтижесін берді, атап айтар болсам:
1991 жылы қазан айында элек­тро­диализ қондырғысы орнатылып, өндіріс қалдығынан рений қышқылы бірінші рет алынды;
1992 жылы қорғасын шаңынан қорғасын суригі алынды;
бірінші рет Жезқазғанда 1995 жылдың 15 мамырында таза осмий-187 металы алынды;
1998 жылы желтоқсан айында бірінші рет ренийдің таза металы алынды;
1999 жылы өндіріс қалдығынан (свинцовый кек) үш негізді қорғасын сульфаты алынды және осы қалдықтың құрамындағы рений мен осмийді қосымша алуға қол жеткізді;
2000 жылы мамыр-маусым айларында шайылған күкірт қышқылынан ренийді өндіру (извлечение) көлемі жоспардағы 45% дан 67% ға жеткіздік, сол кездегі бұл үлкен өндірістік көрсеткіш болатын.
Республикамыздың ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары және сирекметалл өндірісінің қызыметкерлерінің бірлесіп атқарған ғылыми жұмыстарының нәтижесі бойынша 22 жұмысқа Қазақстан Республикасының авторлық куәлігі беріліп патенттелді, 70-тен аса ғылыми мақалалар мен баяндамалар отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды.
Жерінің асты толған қазына, үсті ырысты кенді өлке – Жезқазған өңірінің ен байлығын ел игілігіне айналдыру, кемелді келешегіміздің негізін бүгіннен қалап, экономикалық қуатын арттыру арқылы тәуелсіз мемлекетімізді дүние жүзіндегі дамыған елдермен терезесі тең өркениетті елге айналдыруға сүбелі үлес қосу – елін сүйер, Отанының баянды болашағына деген сенімі мол әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Менің әкемнің туған інісі Сүтемген көкем Бүкіров (1921-1996ж) Жезқазған қаласында көп жылдар елеулі еңбек жасады.
Сүтемген көкем Шаруза жеңгеммен жарты ғасырдан астам түтін түтетіп, бақ пен бақыт бақшасында тыныстағаны баршаға аян. 1961 жылы Рыбачий елді мекенінен Нұрмағанбет әкем мен Сүтемген көкем (екі үй қатар болатын) үй салып, сонда көшіп барған еді. Кейіннен ол көше «Музей атаның» бастамасымен ақын Тайжан есімін алып, бүгінде Тайжан атын асқақтатып тұрғаны сөзсіз. Бізге қарасты туыс-туғандардың балалары көкемді «музей ата» дейтін. Сүтемген көкемнің жалғыз қызы Гүлнаш жолдасы Құсайын екеуі бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Балалары Сағыныш пен Айкерім жоғарғы білімді маман, екеуі де тұрмыста балалы-шағалы бақытты отбасы
Қазақтың әйгілі жазушысы Сәбит Мұқанов: «Сүтемген Бүкіров. Ұлытау өлкесіндегі тарлан ғой. Мен онымен хат алысып, жолығысып тұрамын. Өте ізденімпаз, зерделі жан. Жезқазғанды Қазақстанда жетік білетін, оның жерінің үсті мен астында не жатқанын шырт ұйқыдан оятып алып сұрасаң, тап басып айтып беретін екі-ақ адам бар.
Бірі – Қазақстандағы ілім мен ғылымның бастаушысы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Сәтбаевты білмейтін бұл күнде жер бетінде зиялы адам жоқ.
Екіншісі – жезқазғандық тарлан Сүтемген Бүкіров. Қазақтың Сарыарқа атанған шалғайында жатса да, көп оқығаны болмаса да, күні-түні қолынан молақ қаламы түспей, туған жерінің қай жерінде не бар, өткен бабалар не мұра қалдырып кетті, қандай із – таңба, нендей белгі асыл сақталған, байлығы неде, қадір-қасиеті несімен қымбат, бағалысы қайсы, сөзге, тілге келтіріп сөйлетіп жүрген жан» – деп жазады естелігінде.
Көзінің тірісінде «Музей ата» атанған Сүтемген көкемнің Қаныш Сәтбаевқа деген сүйіспеншілігі ерекше болатын. Әлі есімде, Қаныш аға дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде ол кісінің балаша жылағаны. Қ.Сәтбаевтың үлкен портреті көкемнің бөлмесінің төрінде ілулі тұратын.
Қанышқа деген сүйіспеншілігі оны Ұлы ғалымның өмірі мен ұлағатты еңбек жолын терең зерттеуге алып келді. «Біздің Қаныш Имантайұлы» деген атпен үлкен жинақ құрастырып, 1974 жылы «Қазақстан» баспасына ұсынған болатын. Неліктен ол жинақтың жарыққа шықпағанын дәлелдеу қиын.
Жезқазған-Ұлытау аймағына атбасын тіреген ақын-жазушылар, тарихшылар мен өлкетанушылар Сүтемген көкеме соқпай кетпейтін. Келген қонақтардың көпшілігін көкем үйіне әкелетін. Келген қонақтарды қарсы алып, күту біздің міндетіміз болатын. Көкемнің арқасында қазақтың көптеген ұлыларымен танысып, олардың ұлағатына қанықтым.
Сүтекеңнің үлкен қасиеттерінің бірі адам баласын алаламайтындығы. Ақын Тайжанның ұрпақтары: «Сүтекең біздің бауырымыз, руы – Оразай», – деп өздеріне тартса, Ахмет Ишан ұрпақтары көкемнің үстіне шапан жауып тұрып: «Сүт-ағаң біздің туысқан. Руы – Тіней», – дейтін. Көкем бәріне ризалық танытады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген сөз осындайдан шыққан-ау. Жезқазған өңіріне танымал фототілші Бекет Түбековтің: «Сүтекең менің ағам әрі ұстазым», – дегенін сан мәрте естіген едім.
Қ.И.Сәтбаевтың атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының алғашқы директоры және ең көп жылдар басқарып, осы қызметте өмірден өткен еңбек ері Виктор Васильевич Гурба: «Осы өлкенің тарихын білгіңіз келсе, біздің мұражайға барыңыз. Онда Бүкіров деген данамыз бар, ол қабырғаға бар тарихты жазып қояды, симағанын өз басынан оқып береді», – дейді екен.
Сүтемген көкем үлкеннің де, кішінің де көңілін қалдырмайтын ақжарқын мінезді адам болатын. Өмірімде ол кісінің аузынан боқтық сөдің шыққанын естімеппін, кейігенде айтатын ең ауыр сөзі «Антұрған» еді. Біреуге қатты сөз айтып ренжіткен жан емес. Жалған сөйлемейтін, ауыр болса да шындықты айтатын. Газет-журналдарда жарияланған мақалаларынан алған қаламақысын балаларға таратып беруді әдетке айналдырған еді. Туыс-туғандар, көршілермен жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болды. Жастары тетелес, замандастары Керімбай Көпбаев, Бектай Абсаттаров, Жақсымбек Үншібаев, Айтбай Тоғайұлы, Жөгібай Жүндібаев, Абушахман Досмағанбетов, Қасымхан Тайжанұлдарымен әзілдері жарасымды болатын.
Сүтекең белсенді тілші болды, отыз жылдай қалалық және облыстық соттың заседателі жауапты міндетін атқарды, алты мәрте Жезқазған қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. Құжаттар ол кісінің қиянатқа қарсы, әділдік жолында күрескер болғанын танытады. Халқының тарихи санасы және игілігі үшін еңбек етті. Оның жүрегі қазағым деп соқты. Мұсылмандыққа берік, ділі ұлт менталитетінің қазығы болды. Заман тар, қол қысқа 1955 жылы анасы Рахия бақилық болғанда мұсылмандық дәстүрмен жерлегені және басына тастан қорған салғанын қайсыбір қырағы партия сарбаздары ши жүгіртіп, қалалық пария комитетіне домалақ арыз түсірген. Қалалық партия комитетінің бюросына берген жауабында бұлтақтамай «бұл менің анамның алдындағы парызым» деп ашығын айтқан. Діни сенім әркімнің өз ісі деп түсінді. Бағаналыдан Меккеге барған қажыларды зерттеді, аймағымыздағы мешіт-медреселерді анықтады, мақалалар жазды.
Сүтемген көкемнің артында өзі ұйымдастырып, көп жыл басқарған «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігін қарасты Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражайы, бірінші басқарушысы әрі ұйымдастырушысы болған Жезқазған аймақтық тарихи-археолгиялық мұражайы жұмыс істеп тұр. Өкінішке орай, қаланың балалар ойыны алаңының қасына орналасқан «Космонавтар» мұражайы жабылып қалды. Қарсақбай кентіндегі Қ.И.Сәтбаевтің үй-мұражайын ұйымдастырған да сол кісі еді.
Космонавтардың көбімен таныс болатын. Іссапармен ғарышкерлердің Жұлдызды қаласында бірнеше рет болған. С.П. Королев, Ю.А.Гагарин медальдарымен марапатталған. «Жезқазған қаласының құрметті азаматы», бірнеше орден, медальдардың иегері. Жезқазған қаласында Сүтемген Бүкіров атында көше бар. Жезқазған қалалық мұрағаты мен Жезқазған университеті туған күні қарсаңында жыл сайын «Сүтемген Бүкіров оқуларын» өткізіп тұрады.
«Жезқазған-Ұлытау өңірінде мұражайды басқарып, өлкетанушылықты үлкен өнер еткен Сүтемген Бүкіров әйгілі ғұлама ғалым Әлкей Марғұландай ұлы қазақтың алғысын, Қаныштай данышпанның батасын алған қазақ халқының асыл перзенті, ұлтжанды туған Алаш рухында талпынып, зор жетістікке жеткен қайраткер. Ол үлкен құрылысшылық мамандығына, қаламгерлік пен әмбебап өлкетанушылықты қосып алып, сол талабының арқасында Ұлытаудай ұлы аймақтың, Жезқазғандай кен алыбының жыршысы да, сақшысы да болып өтті. Қазақстанның мәдени өмірінің айнасындай ардагерлерге, Сарыарқаның үздік саңлақтарына, өлкенің тарихы мен асыл мұрасына арнап 300-ден астам еңбек жазған өлкетанушы, тарихшы, археолог, зерттеуші, мұражай қызметінің асқан шебер ұйымдастырушысы, басқарушысы болған Сүтемген Таңабайұлын қазақ халқының үлкен қоғам қайраткері, асыл перзенті десек еш артықтығы жоқ деп білемін» – дейді ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов естелігінде.
Тарихшылар өткен мен кеткенді, баяғы мен бүгінді таныстырады. Мәмлегерлер елмен елді жалғастырады, ал өлкетанушылар аймақтың тарихымен де, төңіректегі өзге бауырларымен де, ата жұртының асыл перзенттерімен де таныстырады. Ел асылын ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, құтты өлкенің әрі тарихшысы, шежірешісі де, ең бастысы – сақшысы да болып кетеді. Менің асыл ағам, Жезқазған – Жезді – Ұлытау – Қарсақбай өңірінің ардақты азаматы Сүтемген Тақабайұлы Бүкіров дәл сондай игі істерді абыроймен атқарды.
Мен өзімді осындай кісінің інісі болғаным үшін бақытты сезінемін. Өйткені, ата тек жалғасы, ата тек қасиеті осындай жандардың қадірімен бағаланады ғой. Ол кісіні ел сыйлады, жұрт құрмет тұтты. Өле-өлгенше қалтасынан кітапша, қолынан қалам түспегенін осы сый мен құрметке мастанбай, керісінше ел сенімін ақтауға тырысқаны деп ұғынамын.
Сүтемген Тақабайұлы Бүкіров 1996 жылдың 12 сәуірінде, өзінің құрмет тұтқан Қазақтың Ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің туған күні, мәңгілік сапарға аттанды. Көкемді соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне халық көп жиналды. Көкемнің қырқын өткізгеннен кейін Шаруза жеңгем мен Гүлнаштің келісімін алып, сол кездегі Жезқазған қалалық архив басшысы Базарбай Әлеуханұлына С.Бүкіровтің құжаттарын мұрағатқа қабылдап алу туралы ұсыныс жасадым. Базекең ұсынысымды қабылдап, өзі бас болып үйге келіп, көкемнің жеке архивіндегі құжатарын актімен рәсімдеп қабылдап алды. Ұлытау-Жезқазған аймағының тарихымен танысамын дегендерге қалалық мұрағаттағы С.Бүкіровтің жеке қорымен танысуына, өзіне керекті деректерді алуларына болады.
Ендігі мақсат – көкемнің көзінің тірісінде баспадан шықпай қалған «Менің Жезқазғаным» және «Біздің Қаныш Имантайұлы» атты очерктер мен мақалалар жинағын баспадан шығару.
Сүтемген Тақабайұлы Бүкіровтің 100 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында Жезқазған қаласының әкімдігі мен «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің басшылары тарапынан бірқатар іс-шаралар өткізуге дайындық жұмыстары жүргізуде.
Қажымас қара нардай ұлтжанды қазанат азаматтың өнегелі өмірі мен табысы мол еңбек жолы Тәуелсіз еліміздің жастары үшін рухани сабақ болары айдан анық.

Төлеген Бүкіров,
техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.