Бір реттік шәкіртақыға ие болды

Тәуелсіздік алғаннан бері жастарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Түрлі ұйымдар құрылып, мектеп қабырғасында, одан әрі кәсіби білім беру ұйымдарында жастардың жалынды болып өсуіне ықпал ету егемен елдің басым бағыттарының біріне айналды.

Өскелең өрендердің өрісі кең болу үшін жасалып жатқан жағдай, бүгінгі таңда бөлінетін көңіл де ерекше. Студенттерге кәсіби бағдар беретін Сәтбаев қалалық индустриалдық колледжінде биыл осындай үрдіс алғаш рет ұйымдастырылып, оқуда озат болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын қос студент бір реттік шәкіртақы иегері атанды. Үздіктерге арнайы тағайындалған шәкіртақыны үлестіру үшін салтанатты шара ұйымдастырылып, қонақтар мен студенттердің басы біріктірілді. Шараның басты ұйымдастырушылары Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы және аталмыш оқу ордасын бітіріп кеткен түлектері екенін айта кетейік. Солардың бірі байыту фабрикасында басшылық қызметте жүрген Евгения Парфенова мен «Жомарт» кен орнында еңбек ететін Данияр Татамбаев. Олар өз кезегінде колледж студенттеріне сәттілік тілеп, берілген мүмкіндікті, алған білімдерін тиімді пайдалана білуге шақырды. Бірлесе әзірленген бір реттік шәкіртақы коллеждің студенттері Әлішер Тұрсын және Вадим Маловқа табысталды. Олар өз кезегінде ұйымдастырушыларға, колледж басшылығы мен ұстаздарына алғысын білдіріп қана қоймай, мектеп бітіруші түлектерді осы колледжде білім алуға шақырды.

– Түлектерге серпін беретін бұл жоба биылғы жылы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта жалғасын тапса, студенттердің стимулын, ынтасын көтеруге өз пайдасын берері сөзсіз, – дейді колледж директоры Жұлдыз Әбдуәліқызы.

1941 жылы бой көтерген ғимаратқа колледж мәртебесі 2013 жылы берілген. Құрылысшы, темір жонушы, дәнекерлеу ісі, аспаз және автослесарь сынды 5 мамандық бойынша оқу тегін. Оқу үлгерімі жақсы студенттер шәкіртақымен қамтылады. Айта кетейік, биылғы оқу жылында 258 студент білім алады. 9 сынып бітірген оқушылар үшін маусым айынан бастап Mycollege.kz сайты арқылы онлайн өтініш қабылдау басталмақ. Оқу мерзімі 2 жыл 10 ай.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.