Мәресіне жетті

Зияткерлік ойын арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту, ойлау, қиялдау, есте сақтау қабілеттерін дамытуды көздеген «ДАРАБОЗ» зияткерлік сайысы өз мәресіне жетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдас­тырылған финалдың тақырыбы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Аталмыш жоба былтыр қалалық деңгейде өтсе, биыл аймақ бойынша кіл мықтыны анықтады.

18-30 жас аралығындағы жастардың білімі мен білігін анықтау, жаңа есімдердің шығуына ықпал жасау, ынталандыру мақсатын көздеген ойын «Тізгінқағар», «Желдірме», «Бәйге» айналымдары бойынша өткізілді.
Сарапшылар Абдолла Дастанов пен Ізтай Белгібайұлынан бөлек «Дарабоз — 2020» жобасының жеңімпазы Дана Абельдинова да қазылық етті. Төрт ойынның қорытындысы бойынша І орын Ботагөз Мұхиденге (Жезқазған), ІІ орын Еркеназ Шоқанға (Ұлытау), ІІІ орын Нұрғиса Құлашоваға (Сәтбаев) бұйырды. Ақтық мәреге жеткен Әлия Тиштаева (Ұлытау), Темірлан Мұханов (Сәтбаев), Әділет Әбілжанов (Жезқазған) арнайы номинацияға ие болды.
Аталмыш зияткерлік сайыстың жеңімпаздары ойынның жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.

– Бұл жастардың ойын, білімін шыңдауға үлкен септігін тигізеді. Әрі қарай жалғасын табуына тілектеспін, – деген Ботагөз Мұхиденге Ұлытау ауданы атынан қатысқан Еркеназ Шоқан да қосылып, сайыстың әділ өткеніне сенім білдірді. Зияткерлік сайыс­тың толық нұсқасы «Ақшам» телеарнасынан көрерменге жол тартатынын айта кетейік.

Алтынгүл Төлегенова.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.