Соңғы қоңырау соғылды

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, мектеп түлектері салтанатты жиында балалықпен, мектеппен қоштасты. Бұл күн мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер жадында мәңгі қалары анық. Биыл Сәтбаев қаласы бойынша барлығы 329 оқушы 11 сыныпты бітірді.

Соңғы қоңырау салтанаты карантиндік шектеулерге байланысты әр мектептің алаңында ұйымдастырылып, өткізілді. С.Сейфуллин атындағы гимназия да бұл мүмкіндікті құр жіберген жоқ. Салтанатты жағдайда қоштасу кешін ұйымдастырып, «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Биылғы оқу жылында гимназия қабырғасынан 27 түлек үлкен өмірге аттанды. Оның 9-ы «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа үміткер. Биыл мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады және тестілеу алғаш рет электронды форматта өтуде. Аталмыш тестілеуден гимназия түлегі Мади Рахым 129 балл жинап, ұстаздар үмітін ақтаған.

«Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған ұл-қыздар осылайша алтын ұя мектептерімен қоштасты. Сапар сәтті болсын жас түлек!

Алтынгүл Төлегенова.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.