«Ұлы мұратымызды айқындап алдық»

Биыл ел егемендігіне 30 жыл. Әсіресе осыдан отыз жыл бұрын дүние есігін ашқан Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ерекше мейрам. Тәуелсіздік. Қандай киелі сөз! Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, ата-бабаларымыздың асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екенін ұғынамыз.

Бүгінде Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, 30 жасқа келген жастар – әр саланың тізгінін ұстаған егемен елдің айбынды ұландарына айналған. Елдің дамуына өзіндік үлес қосып, көпке үлгі болып жүр. Солардың қатарында Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінің (ПБ) көші-қон қызмет тобының аға инспекторы, полиция капитаны Аясын Арыстанбеков бар.

Заң саласына бала кезінен әуес Аясын Арыстанбековпен дидарласып, сұхбаттасқан едік.

– Аясын, арманым адастырмады дейсің, мектеп қабырғасын аяқтаған соң қайда, қай мамандыққа оқуға түстің? Сұхбатымыздың басында осыған тоқталып өтсең?

– Жезқазған қаласындағы Заң колледжінің күндізгі бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Оқуымды қызыл дипломмен тәмәмдап шықтым. Одан әрі білімімді жетілдіру үшін Қарағанды мемлекеттік университетіне сырттай тапсырып, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Павлодар қаласының №6679 әскери бөлімінде борышымды өтеп келдім. 2014 жылдың сәуірінен бастап Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының инспекторы қызметіне тағайындалып, таңдаған мамандығым бойынша еңбек жолымды бастадым. Қазіргі таңда сол қызметтің аға инспекторы лауазымына тағайындалдым. Бүгінде бір бөлімшенің басшы құрамы болып жүрмін. Бұл алға қойған мақсаттарымның жүзеге асып жатқан кішкентай бір бөлшегі деп білемін.

– Полиция қызметінің Тәуелсіздікке қосқан үлесі қандай?

– Ел ішіндегі тыныштық, көшедегі тәртіп, халыққа деген қамқорлық. Осы міндеттер. Қоғам тыныштығы үшін өмірін қатерге тіккен полициейлердің арқалаған жүгі қашанда ауыр. Қызмет барысында бірнеше полиция қызметкері көз жұмды, мүгедек болды, жұмысқа жарамсыз болып қалды. Айта берсек көп. Тәртіп сақшылары күнделікті қызмет барысында қиын жағдайларға тап болып жатады. Біз халыққа жақын және ең сенімді қорғаушысымыз. Себебі, біз халыққа адал қызмет ету үшін ант бердік. Сол антқа берік болу міндетіміз деп ойлаймын.

– Аясын Ермекұлы, Тәуелсіздік бізге қалай келді?

– Батыр ата-бабаларымыздың тәуелсіздік пен азаттық жолындағы күресімен тарихтан таныспын. Қаншама баһадүр бабаларымыз қаны мен жанын азаттықтың ақ жолына сарп етті. Керей мен Жәнібек хан осы ұлан-байтақ жерімізді аманат етіп тапсырды. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр кезеңдерімен есте қалды. 1916 жылғы көтеріліс, 1928-1932 жылдардағы аштық, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан көтерілісін ел болашағы, бостандығы, егемендігі үшін болған соңғы күрес деп білемін. Қанмен, термен келген тәуелсіздікті құрметтеу біздің міндетіміз. Міне, осы отыз жылда кейбір мәселелер оңынан шешіліп, шекарамыз нығайған елге айналдық. Азаттықтың арқасында Мәңгілік ел болу деген ұлы мұратымызды да айқындап алдық.

– Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігіміз қандай?

– 1991 жылы Қазақстан егемен ел болды. Елімізді мұхиттың ар жағы, бергі жағы мойындай бастады. 1991 жылы Халық Каһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. 1992 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанып, осы жылы Әнұран, Елтаңба және Туды жасауға конкурс жарияланып, қол қойылды. 1993 жылы валютамыз – Теңге – айналымға шыққаны баршамызға белгілі. 1995 жылы 30 тамызда Ата заңымыз қабылданды. Бұдан бөлек, 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік рәміздерді Алматыдан жаңа астанаға көшіріп, Ақмола қаласын астана етіп жариялады. 1998 жылы Ақмола Астана қаласы боп аталды.Жалпы айта берсек еліміздің жеткен жетістігі аз емес. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясының мүшесі болып табылады. 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды.

– Аясын Ермекұлы, Сәтбаев қаласының дамуына, өсіп-өркендеуіне тоқталсаңыз. Болашағын қалай елестетесіз?

– Сәтбаев қаласы қазіргі таңда өркендеп, дамып келе жатқан қалалардың бірі. Басқа қалаға барғанда Сәтбаевқа қайта оралғым кеп тұратынын жасырмаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Сәтбаев қаласына қарасты (Рудник, Весовая) яғни, Жезқазған кентінде тұратын барлық азаматтар қалада жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерге көшірілді. Халықтың жағдайы жақсарып, жаңа баспаналы болып қалды. Жылдан жылға көркейіп, жылдан жылға қаламыз өзгеріп, әдемі ғимараттар бой көтеріп жатқанын өзіңіз де көріп жүрсіз. Қаланың әрбір бұрышында болашақ ұрпақ үшін ойын алаңдары салынып, спорттық жаттығу орындары ел игілігіне берілуде. Жас кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны тағы бар. Биылғы жылы Жеңіс саябағы да жөндеуден өтіп жатыр, бұл да бір жетістік. Бірнеше жылдан бері қолданысқа жарамсыз болып қалған «Юность» стадионы да қайта жаңғыртылмақ. Сәтбаев қаласының болашағы бұлыңғыр деп айта алмаймын, керісінше болашағы жарқын, келешегі кең өлке десем қателеспеймін.

– Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің мерейтойына лебізіңізді білдірсеңіз.

– Әрқашан көк туымыз биікте желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді. Ата-бабалардың қанымен келген бұл Тәуелсіздікті менің замандастарым, болашақ ұрпақ бағалауы тиіс. Ел үшін, жер үшін намысты қолдан бермеуіміз керек. Елім, Отаным, деген қасиетті ұғымдар әр азаматтың өз табалдырығынан, өз ауылынан, өз өлкесінен басталады. Ұрпақ бойында ұлттық сана көрініс тапса, ақыл ойы мен жүрегінде туған жері мен еліне деген сүйіспеншілік орын тепсе, бұл қоғамымыздың қалыпты дамуы, өркениетке ұмтылу жолындағы нәтижелі көрініс болып саналмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.