Жарайсың, Денис!

Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі жүзу бөлімінің тәрбиеленушісі Денис Георгица республикалық чемпионатта топ жарды.

17-21 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен жарыста 2005 жылы туылғандар арасында 200 метрге құлаштап жүзуден алдына жан салмаған жерлесіміз осылайша қала абыройын асқақтатты. Бала кезінен бастап спортқа құмар ол үздік болуға ұмтылды және сонысымен ерекшеленді. Негізі спортқа жеті жасында дәрігерлердің кеңесімен келген екен. Төзімділігін байқаған жаттықтырушы Александр Валюк Денистің күш-жігерін мұқият қадағалай бастапты. Біртіндеп жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, спорттық стандарттарды орындауға кіріседі. Екінші санатты бағындырғанда Денис жаттықтырушы-оқытушы Николай Ткаченконың құрамына ауыстырылды. Бүгінгі күнге дейін жас спортшы 100 метр қашықтықты бағындырғаны үшін екі күміс, 1500 метрге жүзуден үш қола медаль иеленді. 100 метрге жүзуден ҚР спорт шеберлігіне жеткені Денис Георгица үшін жоғарғы марапат болып саналады.

– Суда адамның салмағы жеңілдейтіндіктен денеге көп күш түспейді де омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбаттанып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді. Жүзу кезінде адам кеуде мен қарынға түсетін судың қысымын ішке терең дем тарту арқылы жеңеді. Мұның өзі тыныс алу жүйелерін жетілдіріп, жұмысын жақсартады, оттегімен қамтамасыз етіп, өкпенің көлемін ұлғайтады. Омыртқаның қисаюы уақыт өте келе адам ағзасында көптеген дерттер туындатады. Ал, жүзген кезде дене бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, омыртқа сүйектерін қалпына келтіріп, қан айналымын жақсартады. Ағзаның суыққа қарсы күресу қабілетін шыңдайды, баланың бойын өсіреді. Иммунитеті де нығаяды, өзі де шынығады. Қысқасы, суда жүзудің пайдасы көп, – деген жас спортшы оқуды да қатар алып жүр. Биыл №5 орта мектептің 9 сыныбын аяқтады. Алда мемлекеттік емтихандар, оқу-жаттығу жиындары және Тараз қаласында өтетін ҚР чемпионаты бар. Дайындық жұмыстары қызу жүруде. Біз жас спортшының жеңісті сәттерінің көп болатынына сенеміз. Жарайсың, Денис!

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.