Баға бас имей тұр

Басқа шауып, төске өрлеген баға икемге келер емес. Үкімет тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да бағаға «тұзақ» тасталғанымен, әлі де бас иер емес.

Бағаның бұлайша бұлқынуына не ықпал етіп тұр? Бұған тоқтау бола ма? Өкінішке орай, оған ешкім нақтылы жауап бере алмауда. Бар гәп өрмекшінің торындай бір-бірімен байланысқан салада деп иықтарын көтереді. Ол салалар – тауар өндіруші, оны тасымалдаушы һәм таратушы. Оған сауда орындарын қосыңыз.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне қарасақ, сәуір айында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің екі түрінің бағасы өскен. Оның бірі макарон өнімдері, оның ішінде рожкидің бағасы 3,2 процентке көтерілген. Екіншісі – сәбіз. Оның бағасы 13,8 процентке өскен. Мамандар мұның алғашқысын көтерме сауда компаниялары мен өндіруші зауыттарда сату бағасының өсуіне байланысты деп түсіндіреді. Атап айтқанда, сәуір айында «Салем» макарон өнімдерін сату бағасы (5 келісі) 1210 теңгені құрады. Ал, ағымдағы жылдың наурыз айында ол 1170 теңге болған. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 1 мамырынан бастап «Сұлтан» маркалы макарон өнімдеріне көтерме бағаның өсуі де байқалды (858 теңгеден 927 теңгеге дейін) және «Дамир» өнімдері 510 теңгеден 560 теңгеге өскен.

Сәбіздің бағасының өсуі де осындай жағдайға байланысты. Мысалы, оңтүстік өңірлерде сәбіздің бағасы 160 теңгеден 200 теңгеге дейін өскен. Ал, «Шығыс» базарындағы сату бағасы 170 теңгеден 180 теңгеге дейін көтерілген. Мұның сыртында, сәбіз маусымдық сипаты бар көкөніс және тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілердің қорларының қысқаруы да бағаның тұрақсыз болуына ықпал етуде.

Азық-түлік бағасының өсуіне елдегі жанар-жағармай бағасының жоғары болуы да себеп болуда. Біздің Сәтбаев қаласындағы жанармай бекеттерінің өзінде баға ала-құла. Мәселен, АИ-92 бензинінің литрі «Гелиос» бекетінде – 170 теңгеден болса, «С Мұнай» бекетінде 180 теңге, өзгелерінде 173 пен 180 теңгенің арасында. Ал, АИ-95 бензинінің литрі дизель отынынан да қымбаттап кетті. «С Мұнайда» 200 теңгеден болса, өзге бекеттерде 189-195 теңгенің аралығында. Ал, дизель отыны 188 бен 195 теңгенің аралығын ұстап тұр.

Міне, осылардың бәрі азық-түлік тасымалы мен оның өзіндік құнының өсіміне әкеліп соқтыруда.

Әрине, бұл бағытта үкімет те, депутаттар да, жергілікті билік те жұмыс жасап бағуда. Бірақ, баға илігер емес.

Аманкелді Ақшал.

Комментарии закрыты.