Қала «қызыл» аймақта

Кеншілер қаласында эпидахуал тұрақсыз дейді Сәтбаев қалалық санитарлық-­эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина. Оның айтуынша, қала «қызыл» аймақтан шыға алмай келеді. Ал бұған әдеттегідей тұрғындар тарапынан «оң» ықпал жасалуда.

– Қалада эпидахуал күрделеніп кетті. Кешегі жексенбінің өзінде қала бойынша 14 жағдай тіркелді. Олардың дені сырқаттармен тығыз қарым-қатынаста болғандар. Ал, соңғы аптада (17.05-24.05) 47 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып, олар Жезқазған қаласындағы модульдік орталық пен өз қаламыздағы туберкулезге қарсы диспансердегі инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Сырқаттардың 5-уі мектеп оқушылары, 5-уі жұмыссыздар, 10-ы зейнеткерлер, өндіріс саласында еңбек ететіндері 5-еу, үй шаруашылығындағы 7 әйел, ІІ және ІІ топтағы 2 мүгедек, 1 балалар бақшасының тәрбиеленушісі мен 1 студент.

Инфекция жұқтырғандардың дені (11 адам) 60 жастағылар, 50 мен 59 жастағылар – 9 адам,14 пен 19 жас аралығындағылар – 8 адам, 20 мен 39 жас аралығындағылар 5-6 адам. Бұлардың ішінде сырттан келген ешкім жоқ. Бәрі қаланың тұрғындары. Ал, індетті бірінен бірі жұқтырып жүр. Яғни, сырқаттанғандар уақытылы дәрігерге көрінбей, өз беттерінше емделіп жүріп, ауру әбден асқынған, жақындарына жұққан кезде ғана жедел жәрдем шақырады. Тіпті, кейбір сырқаттарды жоспарлы дәрігерлік бақылаудан өтуге шақырған кезде ғана анықтап жатыр­мыз. Осындай жауапсыздықтың салдарынан соңғы екі аптадан бері қала «қызыл» аймақтан шыға алмай тұр, – деп налиды қаланың бас санитар дәрігері.

Маманның айтуынша, індеттің бастапқы белгісі әдеттегі ЖРВИ мен тұмаудан айырмашылығы жоқ. Ел осыдан барып алданып қалып жатыр. Асылы, суық тиіп, дене қызуы көтерілді ме дереу дәрігерге қаралған жөн.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.