Құрметті сәтбаевтықтар! Қымбатты жерлестер!

Жыл сайын ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз. Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырады, ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Қазақстандағы ұлттық интеллигенцияның көп бөлігі жойылды. 30-50 жылдарда АЛЖИР, Степлаг, Карлаг секілді ірі лагерьлер Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл жылдары өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға жаппай жер аударылуы орын алды. Тұтас халықтар әртүрлі аймақтардан күштеп көшірілді. Олардың қатарында корейлер, түріктер, ирандықтар, күрдтер, әзірбайжандар болды. Соғыстан кейінгі жылдары немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары жаппай депортацияға ұшырады. Қоныстанушылармен соңғы нанын бөліскен үлкен жүректі халқымыз олардың аман-есен елімізде тамыр жаюына көмектесті. Ашаршылықтың алдындағы тіркелу, ұйымдастыру науқандары талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді.

Уақыт бір орында тұрмайды, бірақ, өзгеріссіз қалған нәрсе бар. Бұл тарих. Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды.

Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – парызымыз.

Сәтбаев қаласының әкімі А.ЫДЫРЫСОВ
Қалалық мәслихаттың хатшысы Т.ХМИЛЯРЧУК

Комментарии закрыты.