Баға жетпес қазына

Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Отан мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Осы егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал рухы мықты елдің алар асулары әрқашан жоғары болатыны сөзсіз.

Рәміздердің түп-төркінінде ұлттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне Отанға деген іңкәрлік сезімді ұялату жатқаны анық. Рәміздерге қарап ел тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Мемлекеттік рәміздер еліміз үшін, мемлекет үшін баға жетпес қазына, таусылмас байлық. Бұл байлықты әрбір «мен қазақпын» деген азамат ардақ тұтуы қажет. Рәміздер – біртұтас Қазақстан Республикасының ажырамас бөлігі, айқын бейнесі. Рәміздердің әрқайсысының шығу тарихы бар. Бұл – Қазақстанның қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазына. Сондықтан, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» дегені –уақыттың қатаң талабы.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері ештеңемен салыстыруға келмейтін нағыз өнер туындысы деп ойлаймын. Бұларды дүние жүзіне танымал әйгілі туындылармен салыстыруға келмейді және салыстыруға болмайды. Мен үшін ел рәміздерінің орны ерекше. Еліміздің тәуелсіздік жолында қаншама қиындықтарды басынан кешіргендігін біздер, жастар, жақсы білеміз. Сондықтан, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай деп тілейміз. Елдігімізді айшықтайтын басты рәміздеріміз жарқырай берсін!

Ділназ Нұржан,
«Тұран» университетінің, 2 курс студенті.

Комментарии закрыты.