Баянды болашаққа бағдар

Қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, жоғары мәдениетті нығайту кепілі ретінде құқық пен бостандықты құрметтеу тақырыбы ешуақытта өзектілігін жойған емес. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында бұл тақырыптың мән-маңызы тіпті еселене түспек.

Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған уақыттан бастап өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу міндетіне баса мән беріле бастағаны белгілі. Яғни, біздің алдымызда Қазақстанның жаңа азаматын және патриотын тәрбиелеу міндеті тұр. Отанын шексіз сүйетін өскелең ұрпақ XXI ғасырда біздің республикамыздың болашағын анықтайтын болады. Қазақта «Не ексең соны орасың» деген аталы сөз бар. Сондықтан, келешегіміз жарқын болуы үшін, еткен еңбегіміз еш болмас үшін ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарауға қақымыз жоқ.

Жас буынға патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дархандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азаматтығымыздың көрінісі. Бір шаңырақ астында, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктіруде де мемлекеттік рәміздердің үлесі ерен.

Елбасымыз айтқандай, Қазақ­стан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы мен қатынасы азаматтардың өздерін қаншалықты осы ел азаматы ретінде сезінетінін, оның болашағына қаншалықты сенетінін көрсетеді. Әрбір азамат мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісінде рәміздердің мәні мен алар орнын, маңыздылығын түсіне отырып, оны құрметтеуді азаматтық парызым деп білуі тиіс. Рәміздердің пайда болу тарихын зерделеп оқу арқылы өскелең буын Тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінері хақ.

Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің «Тәрбиесіз алынған білім адамзаттың қас жауы» деген сөздері бүгінгі күні де өте өзекті деп ойлаймын. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік рәміздерді насихаттау қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына оң ықпал етеді, тұлғаның әлеуметтенуіне, оның рухани өсуі мен үйлесімді тәрбиеленуіне септігін тигізеді. Сондықтан, жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру бағытындағы ізденістерді тоқтатпауымыз қажет.

Сабыр Омаров.
Сәтбаев қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Комментарии закрыты.