Рәміздер – мақтанышымыз

Қaзaқстaнның Мeмлeкeттiк pәмiздepi – бұл тeк көpкeм oбpaздap ғaнa eмeс, Мeмлeкeттiк тәуeлсiздiктi, пaтpиoтизм мeн дeмoкpaтияны жүзeгe aсыpу идeясының жapшылapы. 1992 жылғы 4 мaусымдa aлғaш peт тәуeлсiз Қaзaқстaнның жaңa Мeмлeкeттiк pәмiздepi бeкiтiлдi. Бұл күн Мeмлeкeттiк pәмiздepдiң туғaн күнi peтiндe eлiмiздiң тapихындa мәңгiгe қaлaды. Осы атаулы мерекеге орай біз Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абай Оразбен әңгімелескен едік.

–Абай Амангелдіұлы, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы қалай болуы керек деп ойлайсыз?

– Енді, мемлекеттік рәміздердің қатарына Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн жататыны белгілі ғой. 1992 жылдың 4 маусымында Елбасының арнайы Жарлығымен осы нышандарымыз қабылданған болатын. Міне, содан бері бұл рәміздер біздің бойтұмарымызға айналды десек қателеспейміз. Ұлттық нышандар – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сол себепті Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы қашанда жоғары болуы қажет және оны құрметтеу – әрбір азаматтың борышы болуы тиіс деп ойлаймын.

– Заң бойынша мемлекеттік рәміздер қандай жерлерде тұруы қажет?

– Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік рәміздер әр мекеме басшысының кабинетінде орналасады. Яғни, онда Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның тұруы міндетті. Сонымен қатар, сол мекеменің арнайы шаралары өтетін мәжіліс залы болса, ол жерлерде рәміздер көрініс тауып тұруы қажет. Мемлекеттік мекеменің ғимаратының төбесінде Ту мен Елтаңба орналасады. Түнгі уақытта ол нышандарға жарық түсіп, анық көрініп тұруы керек. Одан бөлек, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн бейнеленген стендтер мекемелердің кіреберісінде немесе фойелерінде көрнекі жерде қабырғаға ілініп тұруы тиіс.

Орайы келгенде айта кетейін, Сәтбаев қаласында мемлекеттік рәміздер бойынша арнайы комиссия жұмыс жасайды. Комиссия мүшелері нышандардың Заң талаптарына сәйкес дұрыс пайдалануын, олардың сақталуын бақылауда ұстап, қаладағы мекемелермен үнемі зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады.

– Елімізде латын қарпінің енгізілуіне байланысты, Елтаңбаның өзгеріске ұшырағанын байқап жүрміз. Осы жағын тарқатып кетсеңіз.

– Иә, латын әліпбиіне көшкендіктен Мемлекеттік Елтаңбамызда өзгеріс пайда болды. Бұрын ондағы «Қазақстан» деген жазу кириллицамен жазылса, қазір ол латын әріптеріне ауысты. Басты өзгешелігі сол. Мемлекеттік мекемелерде Елтаңбаны жаңасына ауыстыру жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік мекемелер жаңа үлгідегі Елтаңбаға ауысып үлгерді. Жалпы, Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және стендтерді дайындаумен арнайы лицензиясы бар мекемелер ғана айналысуы қажет.

– Мемлекеттік мекемелердің ғимаратының төбесінде ілулі тұрған Мемлекеттік Ту жылына қанша рет ауыстырылады?

– Мемлекеттік Рәміздерді пайдалану мен қолдану ережелеріне сәйкес, ғимарат төбесіндегі Мемлекеттік Ту тұрақты түрде жаңа қалпында болуы тиіс. Ту үнемі далада тұрғандықтан күнге оңалып, түсін жоғалтады немесе дауылды күндері желдің салдарынан жыртылып қалуы әбден мүмкін. Мұндай кездерді мекеме басшылары немесе жауапты тұлғалар жіті назарда ұстауы қажет. Осындай жағдай тіркелген сәтте комиссия мүшелері дереу сол мекемеге ұсыныс хаттарын жолдап, Туды жаңасына ауыстыруды талап етіп, қажетті шаралар қабылданады.

– Жаңасын орнатқаннан кейін ескі Ту немесе Елтаңба қайда жіберіледі?

– Мемлекеттік мекемелерде мекеме басшысының жеке бұйрығымен тозығы жеткен, пайдалануға жарамсыз Мемлекеттік рәміздерді жою туралы комиссия құрылып, жауапты мамандар белгіленген. Бұл жерде ескі нышандарды жою өртеп жіберу немесе ұнтақтау арқылы жүзеге асырылады. Ал, әкімшілік тарапынан құрылған комиссия осының барлығын назарда ұстап отырады.

– Мәселен, бір адам Туды қоқысқа тастады немесе басқа да заңсыз әрекеттерге жол берді делік. Бұған қандай шара қолданылады?

– Егер мұндай заң бұзушылық орын алса, онда ол адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған арнайы заң бар.

– Еуропаның кейбір мемлекеттері өздерінің ана тілдерін рәміздер қатарына кіргізіпті. Біздің қазақ тіліне де осындай мәртебе беру керек шығар? Сіздің ойыңыз?

– Елімізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып табылады ғой. Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылған. Меніңше, бұдан артық мәртебенің қажеті жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп айтқаны бар. Әрбір азамат осындай көзқарас танытып, мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары болса, қазақ тілінің деңгейі биік болады деп ойлаймын.

Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің: «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдары да жүрегі қазақ деп соққан адамға ой салары анық.

– Мемлекеттік рәміздер күніне орай қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Сәтбаев қаласында көптеген іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып, жүзеге асырылып жатыр. Мерекелік шаралар шеңберінде «Өнегелі өмір» жобасы аясында тұлғалармен онлайн кездесу, Мектеп оқушылары арасында «Мен туымды сүйемін» челленджі, «Құрметте рәміздеріңді» тақырыбында онлайн-семинар өткізілді. Ал, Мемлекеттік қызметкерлер арасында үстел теннисінен жарыс, бір уақытта ҚР әнұранын орындау, мемлекеттік рәміздерге байланысты викторина сияқты айшықты шаралар мереке күнінің ажарын аша түспек. Тек қана рәміздер күнінде ғана емес, жалпы бұл шаралар қаламызда жыл бойына тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады. Мұндағы негізгі мақсат – қала тұрғындарының, әсіресе жастардың рәміздерге деген құрметін арттыра отырып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

– Әңгімеңізге рахмет.

Комментарии закрыты.