Ағымдарға қарсы иммунитет

Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттерге деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті дін», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік.

Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп қана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстермизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.

Бүгінгі күні жат пиғылды ұйымдардың жастарымызды өз қатарларына тартып, санасын улап жатқаны қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Сондықтан, ата-аналар балаларының жүріс-тұрысын үнемі бақылап отырғаны абзал. Деструктивті культтердің қауіпі неде? Атауындағы «деструкция» деген сөздің мағынасы – қирату, зиян келтіру. Бұл секталардың адамға келтіретін психологиялық, қаржылай т.б. зияны болуы мүмкін, өйткені, бұл ұйымдардың ең басты мақсаты – адамның тұлғалық қасиеттерін қиратып, ақыл-есінен айырып, өздерінің талаптарын мүлтіксіз орындайтын құл ету.

Еліміздегі исламдық бағыттағы деструктивті ағымдарға негізінен салафилік идеямен қаруланған діни топтар жатады. Салафилік діни ағымдардың идеясы бір боғанымен, насиқат алаңындағы әдіс-тәсілдері әртекті және олар жағымсыз салдарының басымдығымен ерекшеленеді. Жалпы, салафилік ағым авторитеттерінің шығарған постулаттарын басшылыққа алып өмір сүретін индивидтерді қазір қоғамның барлық саласынан кездестіре аламыз. Әсіресе, болашағымыз саналатын жас буын өкілдерінің салафизммен улануы, еліміз үшін бұл мәселенің салдарының ауыр болатынын көрсетеді. Салафилік ағым өкілдері теологияда антропоморфистік түсініктерді насиқаттайды. Сондай-ақ, шариғат заңдарымен үкім шығармайтын лидерлер мен оған мойынсұнған елді кәпірге деп есептейді. Әрбір халықтың дәстүрлі құндылықтарын басы бүтін жоққа шығарады. Салафилердің бұл насиқаты әһлу сунна сеніміне, яғни қазақ халқының мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ханафи мәзһабының құндылықтарына қарама-қайшы келеді.

Өкінішке орай, көпшілік ата-аналар материалдық игіліктердің соңынан қуып, рухани құндылықтарды ұмытып жатады. Бірақ, тұлғаның адамгершілік негіздері отбасында қалыптаспайды ма? Ата бабасының дәстүрлі дініне деген құрметті, ана тіліне, салт-дәстүрге, тарихына деген құрмет пен махаббатты отбасында бойына баулу керек. Балалар жастайынан шынайы діннің тек жақсылыққа, қайырымдылыққа, бір-біріне мейірімді болуға тек жарқын амалдарды жасауға үндейтіндігін білулері керек. Міне, осындай рухани бай адамды тура жолдан тайдыру мүмкін емес. Ол бір тамырын тереңге жайған зор ағаш іспетті.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Заманымыз түлкі болса, әріптестеріміз тазы болып шалуға әзір тұруы керек. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, қан мен жансыз ұлт тірі өмір сүре алмайды. Яғни, ұлтымыз тірі болсын десек дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Ораз Бауыржан,
Балмағамбет Балқыбайұлы мешітінің ұстазы.

Комментарии закрыты.