Зұлмат күндер ұрпақ жадында

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Сәтбаев қаласының ақсақалдар алқасы, «Шындық» қоғамдық бірлестігі мен Достық үйінің қызметкерлері бас қосты.

Атаулы күні ұйымдастырушылар Сәтбаев-Жезді тас жолын бойлай жатқан «Ақтастыбұлақ» мекеніне танымдық саяхат жасады. Сапар арнайы қоршалған бабалар қорымына барып құран бағыштаудан басталды. Ашаршылық, репрессия құрбандарын еске алуға шыққан жолаушыларға Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкерлері қосылды. Жиналғандар сәтбаевтық жастар мен колледж студенттеріне репрессия құрбандары жайында ақпарат берді.

Бүгінде аталмыш орында Қарсақбайдағы зауытқа жұмысқа орналасуға бет алған Торғай уезі, Батпаққара ауылының тұрғындары жатқандығы айтылады. Дегенмен, қорымда дәл қанша адамның жерленгені белгісіз. Қақаған қыста аштықтан бұратылып өлген үлкен адамдармен бірге жас балалардың мәйітін көктем шыға көріп, жерлеген сол аумақтың тұрғындары екен. Осы ақпараттарға сүйенгендер шамамен 20-30 шақты адамның жатқандығын айтады. Ұлытау ауданы ақсақалдарының бірігуімен тып-типыл болып жатқан жерге 1994 жылы тас белгі қойылып, темір қоршаумен қоршалған. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Шаяхмет Үмбетовтің айтуынша, ондағы мақсат – Қазақ даласында орын алған зұлмат күндерді ұрпақ жадынан өшірмеу. Ашаршылық құрбандарының аруағына өткен-кеткен жолаушылар қол жайса деген тілек.

«Ақтастыбұлақ» мекеніндегі тағзым ету жиынынан кейін ұйымдастырушылар Жезді кентін бағытқа алды. Ондағы әлі күнге дейін сақталған «Степлаг» лагерінің қабырғаларын, қирандыларын көзбен көріп, тарихқа көз жүгіртті. Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкерлері қонақтарға экскурсия жасады. Бұл Ұлытау ауданындағы туристік орындардың тізімінде. Шара соңында мұражай қызметкерлері алдағы уақытта да арнайы бағдарламамен келетін қонақтарға таныстыру, көрсету жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.

Еркеназ ШОҚАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.