Зор жауапкершілік жүктейді

Мемлекеттік қызметтің негізгі түп мағынасы – үлкен жауапкершілікті жүктейтін әр салада, әр деңгейде халыққа қалтқысыз көрсетілетін қызмет. Мемлекеттік қызмет мемлекет қаражат қорынан қаржыландырылып, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы мен шығындары бюджеттен өтелетіні және қажет болған жағдайда арнайы баспанаға, ғимаратқа орналастырылып, өздеріне жүктелген өкілеттілікті атқаруға қажетті арнаулы керек-жарақпен жабдықталатыны, мемлекеттік қызметкердің айрықша мәртебесі бар екені белгілі.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілердің мәртебесіне байланысты бірқатар заңнамалық тәртіптер енгізіліп, оларға шектеулер мен міндеттер жүктелген. Бүгінгі күні информациялық технологиялар дамыған заманда мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері үнемі қоғамның назарында екені белгілі. Сондықтан, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырып, оның тимді жұмыс жасауы үшін аталған талаптарды мінсіз сақтап, орындаулары міндетті. Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Осыған қарамастан, өкінішке орай, мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормаларының талаптарын сақтамау әлі де жалғасуда, оған дәлел ретінде БАҚ-та жиі жарияланатын ақпараттарды айтуға болады. Мысалы ,өткенде ғана бір қаланың әкімінің БАҚ өкіліне сұхбат беру кезіндегі әдепсіз мінез-құлығы қоғам тарапынан біраз сын туғызған болатын. Әрине, әдепсіз мінез құлық көрсеткені үшін қызметші жазаланады, бірақ оның әрекеттері қоғамның мемлекетке деген сеніміне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Яғни, бір қызметшінің әрекеті жалпы мемлекеттік аппаратқа сын туғызады. Сонымен қатар, кейбір қызметшілер мемлекеттік бюджетті тегін ақша табу көзі ретінде, қолына тиген мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысатындар әлі де болса, тіптен, жиі кездесетіні алаңдаушылық туғызатыны заңдылық. Осы жағдайларды ескере келіп, нақтырақ айтсақ мемлекеттік орган басшылары мемлекеттік қызметке кандидатты қабылдаған кезде мемлекеттік қызметшілердің білім мен тәжірибесімен қоса әдептілік бейнесіне де назар аударуы керек екенін естен шығармауымыз керек. Адамзат тарихынан білетініміздей, халық дәстүрлі дүниетанымында әдепке ерекше мән беріп келеді. Ғұлама тұлға Әбу Наср әл-Фараби де әдепті әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы деп атап көрсеткен.Сондықтан, адамның ең бір жақсы бейнесі ол жауапкершілік, сабырлық және адамгершілік екені белгілі. Осыған орай, аталған қасиеттер мемлекеттік қызметкерде болу қажет деп есептеймін.Осы кезде Алихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске келеді. Алайда, жоғарыдағы әкімнің БАҚ-тың өкіліне көрсеткен әрекеті, мінез-құлығы бір адамға ғана емес, оның қоғамға деген әдепсіз мінез-құлығын көрсетеді.

Мемлекеттік қызметшілер қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс. Өз кезегінде, БАҚ қоғамның бір бөлігі бола отырып, мемлекеттік қызметшіні теріс жағынан көрсетуге мақсат қоймайды, себебі ол қандай да бір ақпаратты шынайы түрде көрсетуге мүдделі.

Б.Дүйсетаев,
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ-ның Қарағанды облыстық филиалының директоры, Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі.

Комментарии закрыты.