Қаралы жылдар жаңғырығы

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. ХХ-ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттерінің бірі. Бүгінгі ұрпақтың борышы – осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау һәм оларды мәңгі есте сақтау.

Атаулы күннің қадірін арттырған рухани еске алу шарасы қаламыздағы «Тағзым» кешеніндегі «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арналған монумент алдында өрбіді. Әуелі қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук бастаған топ монумент іргесіне гүл шоқтарын қойып, қаралы жылдардың жазықсыз құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің азаншысы С.Ахмедиянов ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына Құран аяттарын бағыштап, дұға жасады.

Тарихқа тағзым шарасы бұдан әрі қаламыздағы Достық үйінде өткен дөңгелек үстел басында жалғасты. Мұнда қаланың зиялы қауымы мен этно-мәдени орталықтардың өкілдері һәм жастары «Тарих ақтаңдақтары: кеше және бүгін» деген тақырыпта әңгіме өрбітіп, пікір алмасты.

Дөңгелек үстелдің шымылдығын түрген қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина мен қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Сабыр Омаров аталмыш шараның тарихи маңызына ерекше тоқталды.

– Жаппай саяси репрессияның құрбаны болған адамдарды еске алу шарасы Қазақстан тарихының трагедиялық беттерін еске түсіреді. Біздің алдымызда тарихи естеліктер феноменін сақтау міндеті тұр. Себебі, тарихи дерекке көз жүгіртсек, қазақ даласы бойынша 100 мыңнан астам адам қуғындалып, 25 мыңы атылды. Миллионға жуық қазақ туған жерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. 1997 жылдан Президент пәрменімен сағынта, сарылта жеткен азаттықтың ақ таңымен ақтаңдақ жылдардың құрбаны боп, «халық жауы» атанып кеткен арыстарды ақтау, арашалау дәуірі басталды. Біз бүгінгі өміріміз үшін елінің бірлігі мен болашағы үшін күрескен, тар жол, тайғақ кешкен қайсар бабаларды ешқашан ұмытпауымыз қажет – деді Айгүл Қосыманқызы өз сөзінде.

Дөңгелек үстел басында, украин ұлтының өкілі Оксана Жук, татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің өкілі Зульфия Гилемханова қиын-қыстау кезеңдерді еске алып, дархан пейілді қазақ жұртына алғысын жеткізді.

– Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Қазақстандағы барша ұлыс көңілі даладай дархан қазақ жұртына ризашылық сезімін білдіреді – деді олар бір ауыздан.

Жиында сондай-ақ, «шындық» қоғамдық бірлестігінің жектекшісі, журналист Абдолла Дастанов пен «Шарайна» газетінің тілшісі Ізтай Белгібайұлы және қала мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері мен қалалық мемлекеттік мұрағатының қызметкері кешегі кеңестік қызыл империяның қазақтың мәйегін орып оққа байлағанын, атылғандардың дені иісі қазақтың беткеұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты Алаштың арда ұлдары екенін, қаншама зобалаң жылдарды бастан кешірген арда азаматтардың айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде болуы қажеттігін жеткізді.

Қаралы жиында сондай-ақ, әнші Қайрат Әбуов бастаған қаланың бір топ өнерлі жастары қаралы жылдардың жаңғырығындай болған әндер мен жырларды орындады.

Ділназ НҰРЖАН,
«Тұран» университеті, журналистика факультетінің ІІ курс студенті.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.