Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен ақпараттық кеңесте балалардың қауіпсіздігіне зейін қойылды. Сондай ақ, Жеңіс Махмұдұлы облыстағы ойын алаңдарының жай-күйі мен кәмелетке толмағандардың құқықтық мәселелерін назардан тыс қалдырмады.

Онлайн байланыс арқылы орын алған жиынға облысымызға қарасты қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Облыс басшысы алдымен өңірлердегі ойын алаңдарының сапасына жіті назар аударуды тапсырды. Бұл тақырыптың өзекті болуына тұрғындардан түсетін шағымдар мен хабарламалар түрткі болғандығын жеткізді. «Балалардың жарақат алуын болдырмау үшін ойын алаңдарындағы жөндеу жұмыстары қарқынды бола түсуі шарт» – деген Жеңіс Махмұдұлы облыс бойынша ведомствоаралық жол картасы жүзеге асырылып жатқандығын да айтып қалды.

Жоғарыда аталған жол картасының негізгі бағыттарының бірі – буллинг пен кибербуллингтің алдын алу. Сонымен қатар, бүгінде жоба аясында облыста нақты балалар қауіпсіздігі үшін 70 мектеп жаттықтырушысы дайындалғандығы айтылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова балалардың қауіпсіздігін жіті бақылауда ұстау үшін 181 оқу ұйымдарына 181 учаскелік инспектор бекітілгендігін, көмекке, қамқорлыққа зәру балаларды анықтау үшін мектептер мен колледждерде қауіпсіздік командасы жұмыс атқаратындығын жеткізді.

Ж.Қасымбек 2020-2023 жылдарға арнап бекітілген жол картасы бағдарламасы аясында құзырлы органдар қызметкерлерінің қатысуымен алдын алу іс-шаралары жүргізілгендігін және соның арқасында кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты қылмыстар азая түскендігін айтты. Дегенмен, түбегейлі жетістіктер туралы айтуға ерте екендігін, сондай-ақ, жұмыс ұдайы бақылауда ұсталатындығын жеткізді.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.