Дәстүрлі форматқа оралу өзімізге байланысты

«Жаңа оқу жылы қандай форматта басталар екен?» Бүгінде елді толғандырып отырған сауалдардың бірі осы. Ата-аналар екі жыл бойғы қашықтықтан және аралас форматтағы оқу балаларының білім деңгейіне елеулі әсер еткеніне алаңдаулы.

Жуырда, халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы мәселе төңірегінде өз ойын білдірді. Оның айтуынша, 2021-2022 жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталуы халықтың вакцина алуына байланысты. «Бұл өте өзекті сауал. Мұның барлығы санитарлық-эпи­демиологиялық жағдайға, біздің жүріс-тұрысымызға байланысты. Егер халықтың басым бөлігін вакцинациялай алсақ, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен шектеулерді сақтасақ, онда келесі оқу жылында, қыркүйекте білім беру ұйымдарымыз, ең алдымен, әрине, мектептер ашылады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, ол балалар да, мұғалімдер де білім берудің дәстүрлі форматына тезірек оралуды қалайтындығын баса айтты. «Бірақ, барлығы өзімізге, бүкіл қоғамға байланысты болады. Вакцинация қарқынына, бүгінде мемлекет қабылдап жатқан эпидемияға қарсы іс-шараларға орай келесі оқу жылында мектептерді ашып, дәстүрлі форматқа ораламыз деп үміттенемін. Тағы да айтамын, барлығы өзімізге байланысты», – деді министр.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.