Тәуелсіздік – балалар қиялында

Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: «Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес», – деген еді. Бұдан артық теңеу болмас. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты бала – бақытты ел» республикалық акциясы аясында білім бөлімінің мұрындық болуымен орталық алаңда асфальтқа сурет салу байқауы өтті.

Мемлекетіміздің тарихы мен құрылуын әспеттеп, әсем қаламыз­дың жетістіктерін таныстыру, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, шығармашылық қабілетін дамыту мақсатындағы шарада балалар сурет өнеріне деген қабілеттерін айқын танытты. Жас суретшілерге қарапайым қағаз парағы емес, олардың ойына толық еркіндік бере алатын үлкен алаң берілді. Түрлі-түсті бор мен бояулардың көмегімен асфальтта қаламыздың көрікті жерлері, бала қиялынан туған бейнелер, бейбітшілік, достық сезімдері айшықталды. Белгі берілген кезде сурет сала бастаған балғындардың әртүрлі идеялары сүйсіндірді. Олар «Нұр-Сұлтан», «Бәйтерек», «Рәміздер», «Сүйікті қалам», «Туған жер» тақырыптары бойынша еңбектенді. Көгілдір аспанды, нұрын шашқан күнді, керемет табиғатты бейнеледі. Бұл шара тақырыптарынан көрініп тұрғанындай, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. «Бақытты балалық шақ» байқауының қорытындысында да осы тақырыптардың игерілуі ескерілді. Суреттер көңілді, бояуы қанық, ерекше болып шықты.

– Тәуелсіз еліміздің болашағы – балалар. Осы уақытқа дейін атқарылған істердің жалғастырушысы да, қоғам тегерішін алға айналдыратын да солар болады. Елбасымыз: «Біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар,» — деп үлкен сенім білдірген еді. Балалардың мүддесін ойлау, құқығын қорғау – иманды істердің бірі. Бүгінгі ерекше күнде оларға қуаныш сыйлауға тырысудамыз. Бүлдіршіндердің көңілінде ұзаққа дейін сақталатынына сенімдіміз, – дейді ұйымдастырушылар.

Ортақ мақсатқа жұмыла бірігуге, ұйымшылдыққа, қимыл-әрекетке баулыған байқаудың нәтижесінде №25 мектеп «Тақырыпты ашудағы ерекшелігі үшін», №19 мектеп-лицей – «Қызықты шығармашылық шешім», №7 мектеп «Шығармашыл топ», №3 мектеп «Шебер қолдар» номинацияларына лайықты деп табылды. «Креативті суретшілер» атанған №14, №15 мектептер және С.Сейфуллин гимназиясы үшінші, №9 мектеп пен №1 мектеп-гимназиясы екінші орындарды еншілесе, №16 мектеп пен №4 мектеп-лицейі бірінші орынды иеленді. Бас жүлдені №5 мектеп командасы жеңіп алды.

Бұл күнгі жақсылықтар мұнымен тоқталған жоқ. Полиция бөлімінің қызметкерлері балаларға тосын сый жасап, тегін балмұздаққа тойдырды. Сонымен қатар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған төрт отбасына арнайы барып, қуанышқа бөледі.

– Балалардың тыныштығы мен болашағын бүкіл әлем болып қорғайтын күн ретінде мерекелейміз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген атаулы күннің берекесі баянды бола берсін. Мамыражай тіршіліктің саясында бүр жарып, гүлдеп, өсіп келе жатқан жас қазақстандықтардың кемел келешегі жарқын болары анық. Олардың білім алуы мен мүмкіндігін таныту жолындағы кедергілер алынған. Жасалуға тиісті жағдайлар да жүзеге асуда. Біз алдағы уақытта да қуаныш пен шаттықтың ортасында өсіп, ел мақтанышына айналатын азаматтарды тәрбиелеуге өз үлесімізді қоса береміз, – деген ақжарма лебізін білдірді Полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспектор-психологы, полиция капитаны Ботакөз Дүйсенбина.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.